ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ 80 ПАЙЫЗЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысында 2026-2027 жылдардағы жылу маусымына дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Алдағы жылу маусымына облыстағы 1265 білім беру, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет, 74 спорт, 9 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй дайындалуда. Қазіргі таңда облыстағы 2332 нысанның 1871-і немесе 80 пайызы жылыту маусымына дайындықтың әзірлік паспортын алды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімі барлық нысанның белгіленген мерзімде дайындалып, әзірлік паспорттарын уақтылы алуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Мекемелердің әзірлік паспорттарын белгіленген мерзімде алуын қамтамасыз етіңіздер. Жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін толық аяқтау қажет. Жылыжайларды қажетті көмір көлемімен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету керек. Сондай-ақ жеке тұрғындардың көмірмен қамтылуын күшейтіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында өңірдегі жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы туралы Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтың баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ ауданында жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспардан жоғары қарқынмен жүргізілуде. Жоспарланған 22,05 шақырымның орнына қазіргі таңда 23,4 шақырым жылу желісінде жөндеу жұмыстары атқарылып, орындалу көрсеткіші 106 пайызды құрады.
Жылу энергетика кешендерінің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін облыс бойынша 8 мың тонна мазут қажет. Осыған байланысты «Кентау Жылу» ЖШС және «Шолаққорған су» МКК-мен мазут жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Қажетті мазут көлемі жасақталған және жылыту маусымы басталғанға дейін жеткізіледі.
Жалпы облыста жылыту маусымына қажетті 532,5 мың тонна көмірдің 167,3 мың тоннасы немесе 31 пайызы қамтамасыз етілді. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 21,8 мың тоннаға көп. Сонымен қатар 26 кәсіпкерлік субъектісінің қоймаларында шамамен 60 мың тонна көмір қоры бар.
Білім беру нысандарының көмірге қажеттілігі 73,4 мың тоннаны құрайды. Оның 71,6 мың тоннасы немесе 98 пайызы жеткізілді. Жеке тұрғындарға қажетті 176,1 мың тонна көмірдің 83 390 тоннасы жеткізіліп, қамту деңгейі 47 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өткен аптамен салыстырғанда 19 390 тоннаға артқан. Жылыжайлардың жылыту маусымына қажеттілігі 271,2 мың тонна көмірді құрайды. Бүгінде оның 18 мың тоннасы немесе 7 пайызы жеткізілген. Осыған байланысты аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, жылыжай иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті көмір көлемін шұғыл жеткізу міндеті қойылды.
Бюджеттік мекемелерді дизель отынымен қамтамасыз ету жұмыстары толық орындалып, көрсеткіш 100 пайызды құрады.
Облыс бойынша жылумен қамтамасыз ету жүйесінде 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 2 210 автономды бюджеттік мекеме қазандығы жұмыс істейді.
Түркістан облысында 2026-2027 жылдардағы жылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасып, жұмыс барысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1297180?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді