
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде күзгі дала жұмыстарының барысы және мал шаруашылығын қажетті азық қорымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне күзгі жиын-терімді сапалы атқаруды тапсырды. Сонымен бірге терең өңдеу көлемін арттыру басым бағытқа ие екенін жеткізді.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 920,1 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық. Оның ішінде мақта 173,6 мың гектарға, майлы дақылдар 98,3 мың гектарға, жүгері 46,5 мың гектарға егілді. Мақта алқаптарының ұлғаюына заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу ықпал етіп отыр. Биыл мақта өсіруде озық технологиялар 91 мың гектарға енгізілді.
Қазіргі таңда негізгі дақылдарды жинау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Масақты дақылдар толық жиналып, 274,4 мың гектардан 534,4 мың тонна өнім алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 198,4 мың тоннаға артық. Майлы дақылдардың 86 пайызы жиналып, 84,5 мың тонна өнім өндірілді. Көкөніс пен картоп жинау жоспарының 93 пайызы орындалып, 1,18 млн тонна өнім алынды. Бақша дақылдарының 90 пайызы жиналып, 1,46 млн тонна өнім жиналды.
Мал қыстату науқанына қажетті азық қоры да қалыптастырылды. Облыста қысқы кезеңге 5,2 млн тонна мал азығы қажет болса, қазіргі таңда 5,28 млн тонна азық дайындалды. Яғни қажеттіліктің 102 пайызы қамтамасыз етілді. Оның ішінде 3,97 млн тонна шөп, 409,1 мың тонна сабан, 529,3 мың тонна сүрлем мен пішендеме және 358,6 мың тонна құнарлы жем әзірленді. Бұл биылғы қолайлы вегетациялық кезеңнің нәтижесінде мал азығы дақылдарының өнімділігі жоғары болғанын көрсетеді.
Күзгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 33,4 млрд теңге бағыттау жоспарланып, бүгінге дейін 1 841 жобаға 32,1 млрд теңге берілді. Сонымен қатар күзгі жұмыстарға 41,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да қарқынды. Биыл облыста 1 267 жаңа техника сатып алынды. Оның 892-сі 14,9 млрд теңгеге лизинг арқылы, 375-і шаруалардың өз қаражаты есебінен алынған. Нәтижесінде техника паркін жаңарту деңгейі 7,3 пайызды құрады.
Мәжілісте су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне де басымдық берілді. Биыл бұл технологияларды қосымша 50 мың гектарға енгізу жоспарланып, жалпы көлемді 164 мың гектарға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда 44,6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Облыс әкімі аталған бағыттағы жұмысты жандандырып, жоспарланған алқаптарды белгіленген мерзімде іске қосуды тапсырды.
Биылғы 8 айда облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 714,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына 171,7 млрд теңге инвестиция тартылды.
Облыс әкімі жауаптыларға Нұралхан Көшеров күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы аяқтауды, мал азығына қатысты қажеттілікті толық қамтамасыз етуді, арзандатылған дизель отынын уақтылы жеткізуді және су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын арттыруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1297189?lang=ru

Жауап қалдыру