
«Жастар және Конституция» тақырыбында танымдық кездесу өтті
«Мейірім керуені» әлеуметтік волонтерлік жобасы аясында Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығында ерікті жастардың қатысуымен «Жастар және Конституция» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілдігінің бас маманы Н. Құдайберген және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастардың құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі А. Мырзагельдин қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының қоғамдағы рөлі мен маңызын түсіндіру, сондай-ақ олардың азаматтық жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында Конституцияда бекітілген адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары, жастардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау тетіктері жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар өздерін қызықтырған құқықтық мәселелер бойынша пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.
Сонымен қатар, жастар арасында құқықтық сананы арттырудың, заңға құрметпен қараудың және қоғам өміріне белсенді араласудың маңыздылығы атап өтілді.
Осындай кездесулер жастардың құқықтық білімін жетілдіруге, белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға және адам құқықтары мен әділетті қоғам құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-turkistan-oblysy/press/news/details/1296710?lang=ru

Жауап қалдыру