Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлем

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл шара Мемлекет басшысының зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды қолдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды.

Арнаулы әлеуметтік төлем кімдерге тағайындалады?

Арнаулы әлеуметтік төлем алуға:

  • 55 жасқа толған;
  • зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін кемінде 7 жыл (84 ай) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген;
  • зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысты тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсері жоқ басқа жұмысқа ауысқан азаматтар құқылы.

Бұл әлеуметтік қолдау шарасы металлургтер, кеншілер, энергетиктер және басқа да зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға бағытталған.

Арнаулы әлеуметтік төлемді алу үшін азамат зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысты тоқтатуы немесе жұмыс берушімен келісім бойынша зиянды өндірістік факторлардың әсері жоқ басқа жұмысқа ауысуы қажет.

Арнаулы әлеуметтік төлем қандай көздерден төленеді?

Арнаулы әлеуметтік төлем төрт көзден қалыптасады:

  1. Республикалық бюджеттен – 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
  2. Өмірді сақтандыру компанияларынан – 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі жүзеге асырылады.
  3. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен – 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіптік төлем төленеді.
  4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемі жүзеге асырылады. Оның мөлшері әр азаматтың зейнетақы жинақтарына байланысты жеке есептеледі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Осыған сәйкес республикалық бюджеттен төленетін 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшеріндегі арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы 101 702 теңгені құрайды.

Арнаулы әлеуметтік төлем азаматтың зейнеткерлік жасқа жетуіне дейін жүзеге асырылады.

Арнаулы әлеуметтік төлем – мемлекет, жұмыс беруші, сақтандыру ұйымдары және қызметкер арасындағы ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген маңызды әлеуметтік қолдау шарасы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhambyl/press/news/details/1297184?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді