
Көкпекті ауданында 1 наурызда 30 жастағы әйел «Instagram» әлеуметтік желісінен банк шотын жалға беру арқылы табыс табу мүмкіндігі туралы хабарландыруды көрген. Ұсынысқа қызығушылық танытып, хабарландыруда көрсетілген сілтеме арқылы «Telegram» мессенджеріне өткен. Сол жерде онымен белгісіз тұлға байланысқа шыққан.
Хат алмасу барысында оған әртүрлі тұлғалардан ақша аударымдарын жүзеге асыру мақсатында өзінің банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына беру ұсынылған. Ол үшін ақшалай сыйақы төленетіні де айтылған.
Әйел күмәнді операцияларға қатысудан бас тартуға мүмкіндігі бола тұра, ұсынысқа келісіп, өзінің банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына берген.
2026 жылғы 2-9 наурыз аралығында оның банк шотына әртүрлі тұлғалардан ақша қаражаты түскен. Банк шотын пайдалануға бергені үшін әйел 40 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы алған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде Көкпекті ауданының тергеу бөлімінің тергеушісі қылмыстық істі соттың қарауына жолдаған.
Сот оның әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыруға қатысты нормасы бойынша, яғни материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаға өзінің банктік шотын заңсыз пайдалануға ұсыну ретінде саралаған.
Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің кінәсін толық мойындауын, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескере отырып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындаған.
Сонымен қатар, Жәбірленушілерге өтемақы қорына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 21 625 теңге мәжбүрлі төлем өндірілген.
Абай облысы Полиция департаменті ескертеді: Банктік шоттарды үшінші тұлғаларға сыйақы үшін беру немесе олардың пайдаланылуына заңсыз мүмкіндік жасау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін. Азаматтарға әлеуметтік желілердегі «оңай табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау ұсынылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1297651?lang=ru

Жауап қалдыру