Бір орталық – мыңдаған камера: цифрлық технологиялар қауіпсіздікке қызмет етеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі буындарының бірі – Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы. Мұнда қаладағы жедел ахуал тәулік бойы бақылауда болып, азаматтардың өтініштері қабылданып, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою ұйымдастырылады.
Жедел басқару орталығына бүгінгі таңда елорда аумағындағы 63 мыңнан астам бейнебақылау камерасы шығарылған. Жыл басынан бері бейнебақылау жүйесінің көмегімен 3 мыңнан астам қылмыс пен 28 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың беті ашылды.
Орталықтың мүмкіндігі бейнекамералардан ақпаратты бақылаумен ғана шектелмейді. Мұнда бейнеаналитиканың заманауи құралдары кеңінен қолданылады.
Мәселен, полиция қызметкерлері фотосурет арқылы іздеу жүргізіп, адамның қозғалыс бағытын анықтай алады. Сонымен қатар жынысы, жасы, сақал-мұртының болуы, көзілдірік, бетперде немесе бас киім тағуы сияқты сыртқы белгілер бойынша іздеу мүмкіндігі қарастырылған.
Бейнеаналитика жүйесінде ситуациялық талдау да қолданылады. Ол қараусыз қалған заттарды, адамдардың көптеп жиналуын, белгіленген сызықтан өтуді және өзге де ықтимал құқық бұзушылық белгілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Цифрлық технологиялар қоғамдық көліктер мен тұрғын үй кешендерінің лифтілеріне орнатылған бейнебақылау камераларында да қолданылады. Бұл қаладағы қауіпсіздік жүйесін барынша кеңейтіп, оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау жүйесі арқылы күн сайын қылмыстарды ашуға және құқық бұзушылықтардың жолын кесуге атсалысады. Сонымен қатар елордада өтетін қоғамдық-саяси, спорттық және мәдени-көпшілік іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар арқылы тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Цифрлық шешімдер азаматтармен кері байланыс орнату бағытында да белсенді қолданылуда. «102» арнасына тәулігіне шамамен 4 мың өтініш түседі.
Азаматтарға полицияға жүгінудің баламалы мүмкіндіктері де ұсынылған. «Омниканалды өтініштерді қабылдау жүйесі» арқылы тұрғындар мобильді қосымшалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер, ІІМ сайты, сондай-ақ «eGov Mobile», «Kaspi», «Halyk» және басқа да цифрлық платформалар арқылы хабарласа алады.
Бұл ретте азаматтар тек мәтіндік хабарлама жолдап қана қоймай, оқиғаға қатысты фото және бейнематериалдарды қоса тіркей алады. Мұндай мүмкіндік полиция қызметкерлеріне жағдайды жан-жақты бағалап, қажетті шараларды жедел қабылдауға жол ашады.
Жыл басынан бері омниканалды жүйе арқылы Жедел басқару орталығына 35 мыңнан астам қоңырау мен хабарлама келіп түскен.
Осылайша, цифрлық технологиялар бүгінде полиция жұмысының ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бейнебақылау, бейнеаналитика және азаматтармен кері байланыстың цифрлық арналары құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, олардың алдын алуға және полиция қызметінің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Басты мақсат – технологияны технология үшін енгізу емес, оның мүмкіндіктерін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полиция қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға тиімді пайдалану.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1297550?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді