
Еңбекшіқазақ ауданының Масақ ауылдық округінде «QazEcoDan» ЖШС-нің астық кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды. Нысан дәнді және майлы дақылдарды қабылдауға, тазалауға, кептіруге және сақтауға арналған. Ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысты.
Іске қосылған бірінші кезеңнің қуаттылығы – 30 мың тонна. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта кешеннің қуаттылығын 120 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 21 млрд теңгені құрайды.
Кешен Германияда өндірілген технологиялық жабдықтармен және астық сақтауға арналған испандық өндіріс құралдарымен жабдықталған. Жаңа қуаттар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнімді жедел қабылдап, кептіруге, сондай-ақ сапасын сақтай отырып ұзақ уақыт бойы сақтауына мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын теміржол желісін дамыту жоспарлануда. Бұл өнімді Қазақстанның басқа өңірлеріне және сыртқы нарықтарға жөнелту мүмкіндігін арттырады. Экспорттың перспективалы бағыттары ретінде Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан қарастырылып отыр.
Кешен толық қуатына шыққаннан кейін шамамен 30 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Ашылу барысында облыс әкімі кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.
Астық кешенінің бірінші кезеңінің іске қосылуы өңірдегі өнімді сақтау инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жобаны одан әрі жүзеге асыру кешеннің қуаттылығын және аграршылардың өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-enbekshikazah/press/news/details/1297767?lang=ru

Жауап қалдыру