
Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы қайта өңдеу қуаттарын кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге және өндірістің кейінгі өңдеу сатыларын дамытуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтуге, қайта өңдеу өнеркәсібін нығайтуға, өңірлерде жаңа өндірістер ашуға және экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға жол ашады.
Шикізаттың 64%-ы ел ішінде өңделеді
Ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлері – ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық бойынша қайта өңдеу үлесі 2023-2025 жылдары 35%-дан 64%-ға дейін өсті. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу міндеті қойылды.
Кәсіпорындарды қолдау мақсатында қаржылық және қаржылық емес тетіктердің кешені қарастырылған. Олардың қатарында жеңілдетілген қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, салықтық преференциялар, отандық шикізатты сатып алуды ынталандыру, жобаларды сүйемелдеу және өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілету шаралары бар. 2024-2026 жылдары қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталды.
Сонымен қатар жаңа өндірістік қуаттар құрылуда. 2024-2026 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы сүт фермаларын салу тәжірибесін кеңінен тарату бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған жалпы құны 42,3 млрд теңге болатын 39 инвестициялық жоба қаржыландырылды.
Биоэтанол өндірісі 2,2 есеге өсті, инвестициялар $4 млрд-қа жетті
Ең ауқымды трансформация жыл сайын шамамен 510 мың тонна астық терең өңдеуге жіберілетін астық секторында жүріп жатыр. Мұнда бүгінде крахмал өнімдерін, глютен және биоэтанол өндіретін үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді.
Бұл ретте мүмкіндіктер әлдеқайда көп. Заманауи технологиялар астықтан крахмал, глютен, шәрбат, биоэтанол, жемшөп компоненттерін, сондай-ақ тамақ, жемшөп және сабақтас салаларға арналған өзге де өнімдерді алуға мүмкіндік береді.
Өндіріс көлемінің өсуі көрсеткіштерден де байқалады. 2025 жылы шамамен 152 мың тонна крахмал өнімі өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,2%-ға көп. Биоэтанол өндірісі 21 мың тоннаға жетіп, 2,2 есеге өсті.
2026 жылғы қаңтар-маусым айларында 67,5 мың тонна крахмал өнімдері өндіріліп, оның 35,6 мың тоннасы экспортталды.
Бұл көрсеткіштер ішкі сұранысқа ғана емес, сыртқы нарықтарға да бағдарланған жаңа бағыттың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Астықты терең өңдеуді одан әрі дамыту үшін жалпы құны шамамен $4 млрд болатын алты ірі жобадан тұратын портфель қалыптастырылды.
2029 жылға дейін жылына шамамен 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге қабілетті қуаттарды құру жоспарлануда. Жобалар Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Ақмола облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылмақ. Өндірістік бағдарламаға крахмал, глютен, шәрбат, биоэтанол, амин қышқылдары, жемшөп компоненттері және терең өңделген өзге де өнімдер кіреді.
Жобалардың бір бөлігі нақты іс жүзіне асырыла бастады: «Қазкрахмал» кәсіпорны пайдалануға берілді, ал Fufeng компаниясының жүгеріні өңдеу жобасы бойынша алғашқы өнім алынды.
Жаңа жобалар өндірістік әлеуетті бірнеше есеге арттырып, шығарылатын өнім номенклатурасын едәуір кеңейтуге және жаңа өткізу тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

210 ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорны: дайын өнім өндіру көлемі артып келеді
Кейінгі қайта бөлу өндірістерін дамыту ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық базалық бағыттарын жүйелі түрде қамтиды. Май өнеркәсібінде жалпы қуаттылығы жылына 4,5 млн тоннадан астам шикізатты өңдейтін 90-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Өсірілген күнбағыстың 90%-дан астамы ел ішінде өңделеді. Келесі міндет – өңдеудің кейінгі кезеңдерінен өнім шығаруды ұлғайту. Ет және сүт өнеркәсібінде 210-ға жуық ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Шұжық өнімдерін, ет консервілерін, жартылай фабрикаттарды, ашытылған сүт және басқа да дайын өнімдерді шығару кеңеюде. 2025 жылы ет консервілерінің өндірісі 48,3%-ға өсті. Жүнді, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу және құрама жем өндіру де перспективалы бағыттар болып қала береді.
Осылайша, қайта өңдеуді дамыту ауылшаруашылық шикізатының негізгі түрлерін біртіндеп қамтиды және аграрлық өндіріс пен өнеркәсіп арасында тығыз байланыс жасайды.

$3,6 млрд аграрлық экспорт: сыртқы нарықтардағы позицияларды нығайту
Қайта өңдеудің кеңеюі қазірдің өзінде сыртқы сауда құрылымында көрінеді. 2024 жылы АӨК экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 52%-ды ($2,66 млрд) құрады. Салыстырмалы түрде, 2023 жылы бұл көрсеткіш 43% ($2,3 млрд) болған.
2025 жылы экспорт көлемі $3,6 млрд-қа дейін (+35,3%) өсті. Бұл ретте аграрлық экспорттың жалпы көлемінің артуы есебінен өңделген өнімнің үлесі жоғары деңгейде – 52% болып сақталды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Терең өңдеуден өткен өнім жеткізілімінің артуы экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейтіп, отандық шикізат базасын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте шикізат экспорты Қазақстанның сыртқы саудасының маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Ал негізгі міндет – Қазақстанда өндірістің кейінгі сатыларынан өткен өнімдердің үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту. Сонымен қатар бұған дейін шетелден сатып алынған ингредиенттер, компоненттер мен жартылай фабрикаттардың ішкі өндірісі де кеңейіп келеді.
Астықты терең өңдеу крахмал өнімдерін, глютенді, шәрбаттарды, аминқышқылдарын, биоэтанолды және жемшөп компоненттерін өндіруге мүмкіндік береді. Ет, сүт және май-тоңмай өнеркәсібін дамыту отандық өнімдер мен жартылай фабрикаттардың ұсынысын арттырады.
Нәтижесінде ел ішінде ауыл шаруашылығы шикізатына деген сұраныс артып, өңдеу өнеркәсібі үшін қосымша өткізу нарықтары қалыптасады.
Ұзақмерзімді мақсат: қосылған құны жоғары аграрлық экспорттың үлесін 70%-ға жеткізу
Келесі бағдар – өндірісті технологиялық тұрғыдан күрделендіру. Алдағы жылдарға нақты көрсеткіштер белгіленді: негізгі ауыл шаруашылығы шикізаты түрлерінің өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу, аграрлық экспорттағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін арттыру және 2029 жылға дейін жылына шамамен 5,8 млн тонна шикізатты өңдейтін астықты терең өңдеу бағытындағы алты ірі жобаны жүзеге асыру. Бұл ретте өндіріс көлемінің ұлғаюы сапалы өзгерістермен қатар жүруге тиіс. Атап айтқанда, өнім номенклатурасын кеңейту, заманауи технологияларды енгізу, өндірістік құзыреттерді дамыту және ішкі әрі сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнім шығару. Экономикалық әсер бірден бірнеше бағытта қалыптасады: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өткізу нарығы кеңейеді, өңірлерде – жаңа инвестициялар мен жұмыс орындары, өнеркәсіпте – өндірістік қуаттар мен технологиялық мүмкіндіктер, экспортқа – жаңа тауар позициялары.
Басты нәтиже отандық шикізат базасын тиімдірек пайдаланудан және өндірістік операциялардың ел ішінде жүзеге асырылатын үлесін арттырудан көрінеді. Осылайша, терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді құрылымдық жаңғыртудың және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту бағытын жүзеге асырудың негізгі құралдарының біріне айналады. Оның одан әрі дамуы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара байланысын нығайтуға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және отандық шикізатты пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-zhdanov/press/news/details/1297872?lang=ru

Жауап қалдыру