
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Лукемен кездесу өтті. Кездесуді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев өткізді.
Кездесуде әйелдерді жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, гендерлік теңдік, сондай-ақ күтім көрсету жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстан отбасы және гендерлік саясат, әлеуметтік қорғау, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағыттарында БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен көп жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Атап айтқанда, 2019-2024 жылдары Министрлік ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, сондай-ақ ЮНИСЕФ, ЮНФПА және БҰҰДБ серіктестігімен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлескен жобаны іске асырды.
Кездесу барысында Ербол Тұяқбаев бүгінде Қазақстанда 4,5 млн әйел жұмыспен қамтылғанын, оның ішінде 3,6 млн әйел жалдамалы жұмыста екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48%-дан астамын әйелдер басқарған. Ал елдегі барлық кәсіпкерлердің арасында әйелдердің үлесі 54%-ды құрады.
Елімізде әйелдерге отбасылық міндеттері мен кәсіби қызметін қатар алып жүруге жағдай жасауға бағытталған қолдау шаралары қалыптасқан. Оның ішінде еңбек кепілдіктері, бала күтіміне байланысты демалыс кезінде жұмыс орнын сақтау, негізсіз жұмыстан шығарудан қорғау, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ цифрлық қызметтер бар.
«БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Луке Қазақстанның осы бағытта атқарып жатқан жұмысына оң баға берді.
«Қазақстанның әлеуметтік саясатты дамытуға және әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасап жатқанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, әйелдерге кәсіби қызметі мен отбасылық міндеттерін қатар атқаруға жағдай жасалуда. Ерлер мен әйелдердің еңбекақысындағы айырмашылықты азайту, еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында да шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыстың маңызы зор. Себебі Қазақстан әйелдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қоса алады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың жалғасып, әйелдердің Қазақстанның дамуына қосатын үлесі арта түседі деп үміттенеміз», – деді Белен Санс Луке.
Аталған шаралар алдағы уақытта да отбасылардың қажеттіліктеріне, еңбек нарығындағы жағдайға және балаларға күтім көрсету қызметтерінің дамуына қарай жетілдіріледі. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысының 19 қыркүйекте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сөйлеген сөзінде қойған міндеттерін ескере отырып жүргізілуде.
Кездесу барысында қатысушылар ата-аналық міндеттер мен кәсіби қызметті ұштастыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Осы ретте балаларға күтім көрсету қызметтерін дамыту, жұмыстың икемді түрлерін енгізу, біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін кеңейту және еңбек кепілдіктерін сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Бұдан бөлек, 2026-2030 жылдарға арналған күтім көрсету саласындағы өңірлік іс-қимыл тәсілдеріне де назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әйелдердің жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғау және гендерлік теңдік мәселелері бойынша ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkistan-enbek/press/news/details/1297315?lang=ru

Жауап қалдыру