
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Лукемен кездесу өтті. Кездесуді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев өткізді.
Кездесуде әйелдерді жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, гендерлік теңдік, сондай-ақ күтім көрсету жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстан отбасы және гендерлік саясат, әлеуметтік қорғау, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағыттарында БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен көп жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Атап айтқанда, 2019-2024 жылдары Министрлік ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, сондай-ақ ЮНИСЕФ, ЮНФПА және БҰҰДБ серіктестігімен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлескен жобаны іске асырды.
Кездесу барысында Ербол Тұяқбаев бүгінде Қазақстанда 4,5 млн әйел жұмыспен қамтылғанын, оның ішінде 3,6 млн әйел жалдамалы жұмыста екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48%-дан астамын әйелдер басқарған. Ал елдегі барлық кәсіпкерлердің арасында әйелдердің үлесі 54%-ды құрады.
Елімізде әйелдерге отбасылық міндеттері мен кәсіби қызметін қатар алып жүруге жағдай жасауға бағытталған қолдау шаралары қалыптасқан. Оның ішінде еңбек кепілдіктері, бала күтіміне байланысты демалыс кезінде жұмыс орнын сақтау, негізсіз жұмыстан шығарудан қорғау, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ цифрлық қызметтер бар.
«БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Луке Қазақстанның осы бағытта атқарып жатқан жұмысына оң баға берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhambyl/press/news/details/1297449?lang=kk

Жауап қалдыру