Депутаттар мектеп-интернаттағы құрылысты бақылауға алды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтың тапсырмасы бойынша облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықов Көкшетаудағы Абай атындағы №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен және білім алушыларға жасалған жағдаймен танысты.

Қазіргі уақытта мектеп-интернат аумағында жаңа модульдік асхана ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

Бүгінде құрылыс алаңында ғимараттың іргетасын құюға дайындық жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, іргетасқа арналған қалыпты құрастыру және орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйымның мәліметінше, ағымдағы аптада іргетасқа бетон құю жұмыстары жоспарланған. Алдағы негізгі жұмыс кезеңі – іргетасты бетондау жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау.

Саят Сыздықов құрылыс барысы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының бақылауында екенін атап өтіп, мердігер ұйымға жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес жүргізуді, құрылыс сапасына ерекше мән беруді және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Мердігер ұйым өз кезегінде нысанды 15 қарашаға дейін аяқтауға және құрылыс сапасына қойылатын талаптарды сақтауға міндеттеме алды.

Сапар барысында Саят Сыздықов мектеп-интернаттың қолданыстағы асхана ғимаратының жағдайын да көрді. Ескі ғимараттың қазіргі жай-күйімен танысып, жертөле бөлмелерін қарап шықты. Ғимараттың техникалық жағдайына қатысты бірқатар мәселелер расталды.

Сондай-ақ оқу ғимаратының жертөлесі қаралып, оның қазіргі жағдайына назар аударылды. Мектеп директоры Анаргүл Құрмашеваның айтуынша, оқу ғимараты мен жертөлеге күрделі жөндеу жүргізу қажет. Әсіресе көктемгі кезеңде жертөлеге су жиналуы, жаңбырда шатырдан су кететіні алаңдатады.

Осыған байланысты комиссия төрағасы жауапты мемлекеттік органдарға оқу ғимараты мен жертөленің техникалық жай-күйіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізіп, анықталған мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастыруды тапсыратын болды. Алдағы комиссия отырысында ғимаратқа қажетті күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі қажеттігі қарастырылмақ.

Бұдан бөлек, Саят Сыздықов оқушылар жатақханасына барып, білім алушылардың тұру жағдайымен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша мектеп-интернаттағы құрылыс және инфрақұрылым мәселелері комиссияның бақылауына алынды.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1298499?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді