
Ақтөбеде Дүниежүзілік туризм күніне орай туризм саласының өкілдері бас қосқан іс-шара өтті. Биылғы мерекелік жиында өңірдің туристік мүмкіндіктері цифрлық технологиялар, интерактивті алаңдар және жергілікті туристік өнімдер арқылы таныстырылды.
📌 Шараға туризм саласының мамандары, кәсіпкерлер, туристік нысандар мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген азаматтар қатысты.
🔹 Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, өңір туризміне үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.
Шараның негізгі жаңалығының бірі – туристік нысандарды виртуалды форматта көру мүмкіндігі болды. Арнайы VR-көзілдіріктер арқылы қатысушылар облыстың бірегей табиғи және тарихи-мәдени орындарына 3D/360° форматында саяхат жасады. Бұл технология туристік нысандарды қашықтан көруге және олардың ерекшеліктерімен интерактивті түрде танысуға мүмкіндік берді.
Келушілерге облыстың туристік бағыттары мен демалыс орындары туралы ақпарат ұсынылып, табиғи және тарихи-мәдени нысандардың ерекшеліктері таныстырылды.
Көрме-жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер мен өндірушілер өңір өнімдері мен брендтік кәдесыйларын ұсынды. Ал қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарын көрсетті. Осы арқылы Ақтөбенің туристік бағыты тек көрікті жерлермен шектелмей, жергілікті өнімдер мен қолөнерді де қамтитыны көрсетілді.
Сондай-ақ Visit Aqtobe туристік ақпараттық орталығы 2026 жылы атқарған жұмыстарын жіпке тізді. Орталық өңірдегі туристік нысандар мен бағыттар туралы ақпаратты жүйелеу және туристерге қажетті мәліметтерді ұсыну бағытында жұмыс жүргізеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, туризмді дамытуда цифрлық технологияларды пайдалану, жаңа бағыттарды таныстыру және жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін туристік нарыққа шығару өңірдің тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-transport/press/news/details/1298938?lang=ru

Жауап қалдыру