
Астананың «Сарайшық» ауданында экологиялық айлық аясында 230 адам ағаш отырғызу акциясын өткізді. Бөлекпаев көшесі, 9/1 мекенжайындағы жаңадан абаттандырылған аллеяға 250 көшет отырғызылып, қоғамдық кеңістіктің жасыл желегін толықтыру жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сарайшық ауданы абаттандыру бөлімінің бас маманы Бекзат Асанның айтуынша, биыл аталған аумақта абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп, тұрғындарға арналған қоғамдық кеңістік қалыптастырылған.
«Бұл аумақта жалпы көлемі 900 шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолы төселіп, футбол алаңы мен воркаут аймағы жасақталды.
Сонымен қатар тұрғындардың тынығып, уақыт өткізуіне арналған әткеншектері бар үш көлеңкелі орын орнатылды», – деді ол.
Маман қоғамдық кеңістікті абаттандырумен қатар, оның көгалдандырылуына да мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық айлық аясында бұл аумақта 250-ге жуық ағаш отырғызылған. Акция барысында көгалдандыру жұмысы жалғасып, жаңа көшеттер егілді.
Экологиялық акцияға Сарайшық ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері де қатысты. Сәт Досымов мұндай бастамалардың қала тұрғындарын ортақ іске жұмылдыратынын атап өтті.
«Бүгін елордадағы абаттандыру жұмысына аз да болса өз үлесімізді қосып жатқаныма қуаныштымын.
Қаланың көркеюі мен тазалығы – барлығымызға ортақ мәселе. Сондықтан мұндай игі бастамаларға жасына қарамастан әр азаматтың қатысқаны дұрыс деп ойлаймын», – деді ол.
Сәт Досымовтың айтуынша, бүгін отырғызылған көшеттер бірнеше жылдан кейін қаланың жасыл желегін толықтырып, тұрғындарға пайдасын тигізеді.
Экологиялық айлық аясындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Ағаш отырғызу арқылы аумақты көгалдандырумен қатар, тұрғындарға жайлы әрі абаттандырылған қоғамдық орта қалыптастыру көзделіп отыр. Бүгін отырғызылған 250 көшет алдағы жылдары Сарайшық ауданындағы жасыл желектің қатарын толықтырып, аллеяның көркіне айналады.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1299249?lang=ru

Жауап қалдыру