
Қарағандыда күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы ашылады. Биылғы алғашқы «Дала дәмі» жәрмеңкесі 26 қыркүйекте Байкен Әшімов көшесіндегі жаңа алаңда өтеді.
Жәрмеңкеде облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін қала тұрғындарына тікелей ұсынады.
Алғашқы саудаға өңірдің 90 өндірушісі қатысып, 450 тоннадан астам өнім әкелмек. Оның ішінде 52 тонна ет, 240 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі, 9 тонна балық, 170 мың дана тауық жұмыртқасы және 20 тоннаға жуық өзге де өнім бар. Тауарлар орташа нарықтық бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылады.
Жаздың қуаңшылықпен өтуіне қарамастан, облыс диқандары 556 мың тоннадан астам астық бастырып, 263 мың тоннадан астам картоп және 66 мың тонна көкөніс жинады.
Өңірдің азық-түлік өндірісінде де өсім бар. Жыл басынан бері Қарағанды облысында 128,6 млрд теңгенің азық-түлік өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 11,6 пайызға жоғары.
Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Жыл басынан бері ірі қара саны 18,8 пайызға, жылқы 15,7 пайызға, қой мен ешкі 15,2 пайызға артқан.
«Дала дәмі» жәрмеңкесі Қарағандыдағы Әшімов көшесіндегі жаңа алаңда 3, 10, 17 және 31 қазанда жалғасады.
Ал 7 қарашада осындай жәрмеңкелер Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск және Саран қалаларында ұйымдастырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1299005?lang=ru

Жауап қалдыру