
2026 жылғы 22 қыркүйек күні сағат 15:30-да Шардара ауданы әкімінің жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Кеңес отырысын аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Абдуғафурұлы Каратунов жүргізді.
Отырыстың күн тәртібіне аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауға және жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер енгізілді.
Атап айтқанда, 2026 жылдың 8 айында анықталған АИТВ инфекциясы жағдайлары, сондай-ақ Шардара ауданында дерматомикоз және эхинококкоз ауруларының алдын алу бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала мамандары атқарылған жұмыстар туралы баяндап, қалыптасқан эпидемиологиялық және ветеринариялық ахуалға қатысты ақпарат берді.
Баяндамалар барысында анықталған жағдайлар, олардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Кеңес мүшелері мен жауапты сала өкілдері тарапынан аурулардың алдын алу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және ветеринариялық-профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына АИТВ инфекциясының, дерматомикоз және эхинококкоз ауруларының алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейту, профилактикалық іс-шаралардың орындалуын бақылауда ұстау және халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстарды нақтылау, жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту және халық денсаулығын қорғау бағытындағы профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері белгіленді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1298775?lang=ru

Жауап қалдыру