Мүгедектігі бар адамдар үшін көмекші құралдарға қажеттілікті айқындау тәртібі

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Неліктен бір диагноз кезінде бір адамға бір техникалық оңалту құралы қажет болса, екінші адамға басқа құрал қажет болуы мүмкін?

Себебі медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде тек диагноз ғана бағаланбайды.

Ең бастысы — нақты адамда қандай функционалдық шектеулер бар екенін, олардың қаншалықты айқын екенін және оларды өтеу үшін қандай құралдар немесе қызметтер қажет екенін анықтау.

2026 жылдың 8 айында Қазақстан бойынша мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша 415 мың іс-шара жүзеге асырылды.

Астана қаласында осы кезеңде 32 514 іс-шара жүзеге асырылды, оның ішінде:

  • 4 468 протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен;
  • 638 сурдологиялық көмек құралдарымен;
  • 1 037 тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді;
  • 963 адам кресло-арбамен қамтамасыз етілді;
  • 6 801 адам санаторийлік-курорттық емдеумен қамтылды;
  • 15 076 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді;
  • 2 970 адам жеке көмекші қызметін алды;
  • 561 адам ымдау тілі маманының қызметімен қамтамасыз етілді.

Алайда әрбір көрсеткіштің артында нақты адам және оның жеке қажеттілігі тұр.

Бұл қажеттілік қалай анықталады?

Процесс медициналық ұйымнан басталады. Дәрігерлік-консультациялық комиссия МӘС-ке жолдама қалыптастырып, қажетті медициналық мәліметтерді: мамандардың қорытындыларын, тексеру нәтижелерін, жүргізілген емдеу және оңалту іс-шаралары туралы ақпаратты ұсынады. Бұдан әрі МӘС мамандары кешенді медициналық-әлеуметтік сараптамалық бағалау жүргізеді.

Бұл ретте бірнеше негізгі бағыт бойынша бағалау жүргізіледі:

1.Ағза функцияларының бұзылуы.

Қандай функциялар бұзылған — қозғалыс, көру, есту, сөйлеу немесе басқа да функциялар ма? Бұл бұзылулар қаншалықты айқын?

2.Тіршілік әрекетінің шектелуі.

Денсаулық жағдайы адамның өздігінен қозғалу, өзіне-өзі қызмет көрсету, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, білім алу және еңбек ету қабілетіне қалай әсер етеді?

3.Сақталған функционалдық мүмкіндіктер.

Адам қандай әрекеттерді өздігінен орындай алады және оңалту барысында оның қандай мүмкіндіктерін пайдалануға болады?

4.Оңалту әлеуеті және болжам.

Қандай функцияларды қалпына келтіруге немесе өтеуге болады және қандай іс-шаралар адамның дербестігін арттыруға мүмкіндік береді?

5.Көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер.

Нақты техникалық құрал немесе қызмет адамның функционалдық мүмкіндіктеріне сәйкес келе ме және оны қауіпсіз пайдалануға бола ма?

Мысалы, кресло-арбаға қажеттілік қарастырылған кезде төменгі аяқ-қол функцияларының бұзылуы ғана ескерілмейді. Адамның отыру қалпын және тепе-теңдігін сақтай алуы, жоғарғы аяқ-қолдарының функционалдық мүмкіндіктері, кресло-арбаны басқара алу қабілеті және басқа да ерекшеліктері маңызды.

Сондықтан бірдей диагноз автоматты түрде бірдей техникалық оңалту құралдарының жиынтығын тағайындауды білдірмейді.

Басты қағидат — ауруды ғана емес, оның нақты адамдағы функционалдық салдарын бағалау.

Дәл осындай тәсіл адамның жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті әлеуметтік қорғау шараларын анықтауға мүмкіндік береді.

Оңалтудың мақсаты — құрал немесе қызметті жай ғана ұсыну емес, бар шектеулердің орнын барынша толтыру және адамның дербестігіне, білім алуына, еңбек етуіне және қоғамдық өмірге қатысуына жағдай жасау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1298791?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді