
Бүгінде жол бойында қараусыз жүрген мал өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мұндай жағдай жол-көлік оқиғаларына себеп болып, адамдардың зардап шегуіне әкелуі мүмкін.
Полицейлер малды қараусыз қалдыру фактілерін анықтау бойынша тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Мал иелері малды тиісті түрде бағуды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдамай, жануарларды қараусыз қалдыратын жағдайлар анықталуда.
Мәселен, Павлодар – Астана автожолының 168-шақырымында полиция қызметкерлері қараусыз жайылып жүрген жылқыларды анықтады. Оқиға орнында малшы да болмаған.
Сондай-ақ Павлодар – Русская Поляна автожолының 6-шақырымында қараусыз жүрген жылқылар анықталды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мал иелерін анықтады. Қараусыз жүрген мал айыппұл тұрағына қамалды. Ауыл тұрғындарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, — деп хабарлайды Павлодар облысының Полиция департаменті.
Жыл басынан бері Павлодар облысында 27 148 бас мал айыппұл тұрағына қамалды. Мал жаю талаптарын бұзған 1794 жауапсыз мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осыған байланысты полиция мал иелеріне ескертеді: жануарларды қараусыз қалдырмаңыздар және олардың жайылымнан елді мекендер аумағына және автомобиль жолдарына шығып кетпеуін қатаң қадағалаңыздар.
Мал иелері жануарларды тиісті күтіммен қамтамасыз етіп, оларды белгіленген тәртіппен бағуы, сондай-ақ малдың жолдың жүріс бөлігіне шығып кетуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
Жол маңында қараусыз жүрген мал анықталған жағдайда да барынша сақтық танытып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау қажет.
Жол қауіпсіздігі — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жүргізушілердің қырағылығы мен мал иелерінің жауапкершілігі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1298843?lang=ru

Жауап қалдыру