
Тараз қаласындағы №26 «Нұрай» бөбекжай балабақшасында қауіпсіздікке арналған танымдық іс-шара өтті. Оны Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Іс-шара барысында бүлдіршіндер өрт қауіпсіздігі тақырыбында арнайы қойылымдар ұсынып, өрт болған жағдайда қалай дұрыс әрекет ету керектігін көрсетті. Балалар өз өнерлері арқылы қауіпсіздік ережелерін қаншалықты меңгергендерін танытты. Кездесудің ең қызықты бөлігі – өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы мен арнайы жабдықтарды таныстыру болды. Құтқарушылар балаларға техниканың мүмкіндіктерін көрсетіп, өрт сөндірушілердің арнайы киімдері мен құрал-жабдықтарын таныстырды. Мамандар бүлдіршіндерге өрт кезінде сабыр сақтаудың, үлкендердің нұсқауын орындаудың және қауіпсіз жерге шығудың маңызын тағы бір мәрте түсіндірді. Балалар үшін бұл жай ғана қызықты кездесу емес, қауіпсіздік туралы маңызды сабақ болды. Себебі қауіпсіздік ережесін бала кезден білу – төтенше жағдайдың алдын алуға жасалған алғашқы қадам.
Жамбыл облысы ТЖД

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-zhambyl/press/news/details/1298948?lang=ru

Жауап қалдыру