
Душанбе қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Туризм жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің атынан Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов қатысты.
Отырыста туризмді дамытудың өзекті үрдістері, перспективалы жобалар, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің туризм саласындағы ынтымақтастығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру мәселелері талқыланды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарында қызмет көрсетілген ішкі туристер саны 8,7 млн адамға жетсе, шетелдік келушілер саны 15,7 млн адамды құрады. Шетелдік туристердің шығыны шамамен 2,9 млрд АҚШ долларына жетті. Ал туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгеден асты.«
Туристік ағынды арттырумен қатар, туристердің елде ұзағырақ болуына жағдай жасау, жыл бойы сұранысқа ие туристік өнімдерді дамыту және өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды», — деді Нұрбол Байжанов.
Қазақстанда негізгі туристік аумақтарды дамытуға бағытталған кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Алматы тау кластері, Щучье-Бурабай және Маңғыстау туристік аймақтарын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Экологиялық, тау, оқиғалық, іскерлік және мәдени-танымдық туризм бағыттары да дамып келеді.
Ірі жобалардың қатарында Алматы облысындағы Oi Qaragai тау шаңғысы курортын дамыту және Шығыс Қазақстан облысында Forrest Hill жаңа курортын салу жобалары аталды. Сонымен қатар халықаралық операторлардың қатысуымен қонақүй жобаларын іске асыру жалғасуда.
Перспективалы бағыттардың бірі ретінде «бір сапар — бірнеше ел» қағидаты атап өтілді. Бұл тәсіл өңір елдерінің туристік өнімдерін біріктіріп, оларды халықаралық нарықта бірлесіп ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Жиын соңында Нұрбол Байжанов ТМД Туризм кеңесінің тәжірибе алмасу және туризм ағындарын арттыруға, сондай-ақ өңір мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен шешімдер әзірлеу үшін маңызды алаң екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism/press/news/details/1299167?lang=ru

Жауап қалдыру