
Жылдамдықты асыру фактілерін автоматты түрде тіркеу жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелердегі қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандық полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтары ашылуда. Осы жұмыс шеңберінде қосымша бейнебақылау камералары және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендер – «ақылды камералар» орнатылуда.
Полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әр аудан орталығындағы жолдар мен автожолдардың проблемалы учаскелерін анықтады. Бұл ретте жол-көлік оқиғаларының статистикасы, көлік қозғалысының қарқындылығы, сондай-ақ жақын маңдағы мектептер мен ауруханалардың орналасуы ескерілді. Негізгі мақсат – жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қауіпсіздікті арттыру.
Қазіргі уақытта 11 ауданда 27 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешен пайдалануға берілді. Полицейлер жылдамдықты асыру Жол қозғалысы ережелерін бұзудың неғұрлым өрескел түрлерінің бірі екенін еске салады. Рұқсат етілген жылдамдықтың қаншалықты асырылғанына қарай айыппұл 5-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 30-дан 60 АЕК-ке дейін болуы мүмкін.
Бүгінде СҚО-да барлығы 121 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Олардың көмегімен Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 134 мыңнан астам дерегі анықталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1299110?lang=ru

Жауап қалдыру