Жезқазғанда қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалы ашылды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Жезқазған қаласында қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен мердігер ұйым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов Жезқазған вокзалын жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілгенін атап өтті.

Ұлытау облысында бағдарлама аясында төрт теміржол вокзалын жаңарту көзделген. Бұған дейін Қаражал, Жаңаарқа және Қызылжар станцияларындағы вокзалдарды реконструкциялау жұмыстары аяқталған.

Жезқазған теміржол вокзалы 1941 жылы салынған. Қайта жаңғырту нәтижесінде екі қабатты ғимараттың ауданы 582 шаршы метрден 2,5 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл нысанның функционалдық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, жолаушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Қайта жаңғырту барысында жаңа тірек қаңқасы, қабырғалар мен жабындар салынды, шатыр толық жаңартылды. Сыртқы және ішкі инженерлік желілерді, соның ішінде кәріз, су, жылу, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелерін тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Вокзал орталық жылыту жүйесіне қосылды.

Ғимараттың қасбеті мен іші толық жаңартылды. Жаңа терезе блоктары мен витраждар орнатылып, заманауи, тозуға төзімді, ұзақ мерзімді және оңай жуылатын әрлеу материалдары қолданылды. Нысан ішінде аспалы төбелер орнатылып, едендер керамогранитпен және коммерциялық линолеуммен қапталды.

Іргелес аумақты абаттандыруға ерекше көңіл бөлінді. Брусчатка төселіп, шатыр мен жолаушылар перроны жаңартылды, жаңа қоршаулар, жиһаздар және қажетті жабдықтар орнатылды. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес эвакуациялық жолдар қосымша жабдықталып, жаңа эвакуациялық есіктер орнатылды.

Вокзалдағы орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 1 800 адамды құрайды. Станция арқылы Жезқазғанды Алматы, Астана, Павлодар, Қызылорда және Қарағанды қалаларымен байланыстыратын 12 пойызөтеді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар үшін заманауи әрі жайлы жағдай жасауға, сондай-ақ Ұлытау облысының көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1299278?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді