
Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда елдің өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі қозғаушы күштердің бірі – машина жасау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Машина жасаушы күні атап өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттер аясында еліміз өндіріс орындарының қуатын, локализациялау деңгейін жүйелі түрде арттырып, заманауи технологияларды игеруде. Машина жасау саласы экономиканы көлік, техника және жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, аралас өндірістердің дамуына, білікті мамандарға арналған жұмыс орындарының құрылуына өзіндік ықпалын тигізіп отыр.
Кейінгі жылдары аталған сала тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2023-2025 жылдары машина жасау бағытындағы өндіріс көлемі 4,3 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 36%-ға артты. Осы жылдың жеті айында саладағы кәсіпорындар 3,23 трлн теңгенің өнімін өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға жоғары.
Инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде сақталып отыр. Өткен жылы машина жасау секторы жобаларына салынған инвестиция көлемі 655,5 млрд теңгеге жетті. Елде 39 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде шамамен 10 мың жұмыс орны құрылды. 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында тағы 157,8 млрд теңге инвестиция тартылды, ал тамыз айындағы жағдай бойынша жалпы құны 94 млрд теңге болатын 19 жаңа жоба іске қосылды.
Отандық өндірісті дамыту және локализациялау ісін арттыру негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Қазақстандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі 2025 жылы 2023 жылғы 16,8%-дан 22,2%-ға дейін өсті. Осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша көрсеткіш 24,7%-ға жетті. Локализациялау деңгейінің өсуі өзіміздің компоненттік базамызды қалыптастыруға, аралас өндірістерді дамытуға және ел ішінде жаңа технологиялық құзыреттердің пайда болуына ықпал етеді.
Машина жасау саласындағы ең серпінді бағыттардың бірі автомобиль өнеркәсібі болып қала бермек. Бүгінде Қазақстанда жеңіл және жүк көліктерін, автобустар мен арнайы техникалар шығаратын 11 зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы елде 171 мыңнан артық, 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында 124,1 мыңнан астам көлік шығарылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4%-ға көп. Биылғы сегіз айда Қостанайдағы Allur («СарыарқаАвтоӨндіріс») – 47 619, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan – 33 102, Hyundai Trans Kazakhstan – 25 066, Kia Qazaqstan – 12 290 автомобиль шығарды.
Теміржол машиналарын жасау саласы да жақсы нәтиже көрсетуде. 2025 жылы «Электровоз құрастыру зауыты» (Alstom) және «Локомотив құрастыру зауыты» (Wabtec) кәсіпорындары 114 локомотив өндірді, оның 45-і электровоз, 69-ы тепловоз. Биыл тағы 94 локомотив шығару жоспарланған. Сонымен қатар отандық кәсіпорындар жүк және жолаушылар вагондарын өндіру көлемін де арттыруда.
Қазақстан ірі халықаралық технологиялық компаниялармен өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Kia Qazaqstan, Stadler Kazakhstan, Атырау вагон жасау зауыты өндірістерін дамыту, John Deere, серіктес брендтердің тракторларын, комбайндарын және ауыл шаруашылығының басқа да техникаларын өндіру маңызды жобалардың қатарында. Саранда қазіргі уақытта қытайлық SINOTRUK компаниясымен бірлесіп HOWO және SITRAK жүк көліктерін және арнайы техникалар өндіретін алаңды іске қосуға дайындық жүргізілуде.
Samsung, Artel, Dauscher және Xiaomi сияқты халықаралық брендтердің тұрмыстық техникалар өндірісі де дамып келеді. Биылғы 8 айда Silk Road Electronics (+15%), DS Multimedia (5 есе өсім), Almaty Turmystyq Tehnika Zavody (+86%), Jasyl Suyq Qazaqstan (2,6 есе өсім) сынды кәсіпорындар өндіріс көлемін едәуір арттырды.
Заманауи машина жасау саласы өндірістік озық технологияларды енгізудің негізгі алаңдарының біріне айналып келе жатқанын атап өткен жөн. Сектор кәсіпорындарында өнеркәсіптік роботтар, компьютерлік көру, сапаны автоматтандырылған бақылау жүйелері және жасанды интеллект негізіндегі шешімдер қолданылуда.
Мысалы, Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнында 17 өнеркәсіптік робот, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan-да – 54, Kia Qazaqstan-да – 68 робот жұмыс істейді. Қостанайдағы Allur зауытында дәнекерлеу жіктерінің сапасын бақылауға арналған ЖИ негізіндегі жүйе, кузовтарды роботтармен сырлау және компьютерлік көру технологиялары енгізілген.
Машина жасау саласының өндірістік бағытта дамуымен қатар кадрлық әлеуеті де артып келеді. Автомобиль өнеркәсібінде жұмыс істейтіндердің саны 11 мың адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 62,5%-ға өсті. Тағы шамамен 9 мың адам аралас салаларда еңбек етеді. Бүгінде автокөлік өнеркәсібі саласы және онымен байланысты өндіріс орындары шамамен 20 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпорындар «мектеп – колледж – жоғары оқу орны – оқыту орталықтары – корпоративтік университет – зауыт» бірыңғай жүйесін қалыптастыра отырып, кәсіптік бағдар беру, дуальды оқыту және инженерлік-техникалық кадрларды даярлау ісін дамытуда.
Адами капиталды дамыту, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және инженерлердің жаңа буынын даярлау Қазақстан өнеркәсібінің технологиялық трансформациясының маңызды бөлігіне айналуда.
Бүгінде отандық машина жасау саласында өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашу, компоненттерді локализациялау, жасанды интеллект игіліктерін пайдалану, халықаралық кооперацияны ілгерілету, роботтандыру және инженерлік құзыреттерді қалыптастыру жұмыстары да жүзеге асырылып отыр.
Құрметті машина жасау саласының қызметкерлері!
Кәсіби мерекелеріңіз – Машина жасаушы күнімен шын жүректен құттықтауымызды қабыл алыңыздар!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, жемісті еңбек, жасампаз жетістіктер тілейміз. Алдағы уақытта Қазақстан өнеркәсібін, оның технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды табысты іске асыру жолындағы қызметтеріңіз жана берсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1299351?lang=ru

Жауап қалдыру