
Фтизиопульмонологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің қатысуымен кеңес өтті.
Жиында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мониторинг және бағалау тобының маманы, Жамбыл облысының кураторы Феруза Аблимитова баяндама жасады. Ол 2026 жылғы 21-25 қыркүйек аралығында Ұлттық туберкулезге қарсы іс-шаралар бағдарламасы аясында өңірдің емдеу-алдын алу ұйымдарында жүргізілген мониторинг пен бағалау қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштерді, жетістіктер мен анықталған кемшіліктерді таныстырды.
Мониторинг нәтижесінде туберкулезге қарсы көмекті ұйымдастыруда, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде бірқатар мәселелер анықталды. Атап айтқанда, бейінді мамандардың тапшылығы, жекелеген медициналық ұйымдардың диагностикалық құрал-жабдықтармен жеткіліксіз қамтылуы, медицина қызметкерлерінің туберкулез мәселелері бойынша оқумен қамтылу деңгейінің төмендігі, сондай-ақ қауіп топтарына жататын азаматтарды уақтылы тексеру және динамикалық бақылауда кемшіліктер бар екені атап өтілді.
Сонымен қатар туберкулиндік диагностиканы жоспарлау және нәтижелерін түсіндіруде, флюорографиялық тексеру барысында өзгерістер анықталған адамдарды бақылауда, эпидемиологиялық тексерулер жүргізуде және пациенттердің жекелеген санаттарын профилактикалық препараттармен қамтамасыз етуде кемшіліктер анықталған.
Бұдан әрі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасында фтизиопульмонологиялық көмекті жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен осы салада іске асырылып жатқан пилоттық жобалар туралы айтып өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша медициналық ұйымдардың басшыларына кадрларды даярлау және қайта даярлау, диагностикалық іс-шараларды жоспарлауды қайта қарау, қауіп топтары мен міндетті контингентті тексеруді бақылауды күшейту, байланыста болған адамдармен жұмысты жетілдіру және иммунологиялық сынамаларды түсіндіру сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ диагностикалық базаны нығайту, медицина мамандарын оқытуды ұйымдастыру және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының басшыларының туберкулез мәселелері бойынша білімін бағалау жұмыстарын күшейту тапсырылды
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1299825?lang=ru

Жауап қалдыру