Павлодарда Ертісті көлік, туризм және экономикалық даму бағыты ретінде дамыту мәселелері талқыланды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

27 қыркүйекте Павлодар қаласында «Ертіс – достық және даму өзені» II халықаралық форумы өтті. Форум жұмысына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Іс-шараға Қазақстан мен Ресей өңірлерінің, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың және сарапшылардың өкілдері қатысты. Форум аясында тақырыптық сессиялар, көрме, B2B кездесулер, сондай-ақ Ертіске бекіре тұқымдас балықтарды жіберу бойынша экологиялық акция ұйымдастырылды.

Форум барысында сауда, өзен логистикасы, жүк және жолаушылар тасымалы, өзен туризмін дамыту, сондай-ақ Ертістің су және биологиялық ресурстарын сақтау мәселелері талқыланды.

Шығыс Қазақстан облысы «Ертістің бірыңғай цифрлық паспорты» жүйесін құру бастамасын ұсынды. Бұл ақпараттық жүйеге өзеннің гидрологиялық көрсеткіштері мен тереңдігі, су сапасы, жағалаулардың жағдайы, балық ресурстары, кеме қатынайтын учаскелер, гидротехникалық құрылыстар және антропогендік жүктеменің негізгі көздері туралы деректерді біріктіру ұсынылады.

Бірыңғай жүйе өңірлер мен бейінді ұйымдарға кеме қатынасын, түбін тереңдету жұмыстарын және порт инфрақұрылымын дамыту кезінде өзара салыстырмалы деректерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бастаманы іске асыру үшін Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары, өңірлері және ғылыми ұйымдарының қатысуымен бірлескен жұмыс тобын құру ұсынылды.

Өзен логистикасын дамытуға да ерекше назар аударылды. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан көліндегі Тұғыл ауылында өзен портын құру перспективаларын таныстырды. Қазіргі уақытта жоба пысықталу сатысында.

Жобаның әлеуетті инфрақұрылымдық базасына қолданыстағы айлақ, қойма және тиеу-түсіру қуаттары, сондай-ақ ұзындығы 99 шақырым болатын Тұғыл – Майқапшағай теміржол желісі кіруі мүмкін.

Жобаның ықтимал жүк базасына кварц құмы, гранит, қиыршық тас, бентонит және басқа да сусымалы жүктер жатады. Алдын ала бағалаулар бойынша, навигациялық кезеңдегі жүк көлемі 3 млн тоннадан асуы мүмкін.

Сонымен қатар жолаушылар тасымалы мен өзен туризмін дамыту мәселелері қаралды. Шығыс Қазақстан облысы Ресей және Қытайдың кеме жасау кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл арқылы жолаушылар флотын жаңарту мүмкіндіктерін қарастыруда.

Бұл ретте Ертістің көліктік және экономикалық әлеуетін дамыту экологиялық қауіпсіздік мәселелерімен қатар қаралуы тиіс. Өзеннің сезімтал учаскелерін, оның ішінде балықтардың уылдырық шашатын аймақтарын бірлесіп зерттеу, сондай-ақ инфрақұрылымдық жұмыстарды ғылыми зерттеулер мен экологиялық мониторинг нәтижелерін ескере отырып жүргізу ұсынылды.

Жүйелі жұмысты қамтамасыз ету мақсатында «Ертістің бірыңғай цифрлық паспорты», жүк базасын зерделеу, логистикалық бағыттарды дамыту, ғылыми зерттеулер мен экологиялық мониторинг жөніндегі бастамаларды нақты іс-шаралар, мерзімдер мен жауапты орындаушылар қамтылған бірыңғай Жол картасына біріктіру ұсынылды.

Сонымен қатар Нұрымбет Сақтағанов 2027 жылы Ертіске арналған келесі халықаралық форумды Шығыс Қазақстан облысында өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Ертісті дамыту өңіраралық байланыстарды нығайтуға, көлік және туристік ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа экономикалық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте өзеннің су және биологиялық ресурстарын сақтау негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism-vko/press/news/details/1299769?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді