
28 қыркүйекте құқықтық тәртіп әскерінің “Қалқан” газетінің жарық көре бастағанына 65 жыл толды. 1961 жылы “На боевом посту” атауымен жарық көрген басылым бүгінде газет, журнал және бейнежобалар әзірлейтін заманауи редакцияға айналды.
Басылым әр кезеңде “Дзержинец”, “Қалқан–Щит” атауларымен шығып, кейін “Қалқан” атауын иеленді. Осы жылдар ішінде оның тілшілері Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріндегі маңызды оқиғаларды, сарбаздар мен офицерлердің күнделікті қызметін, сондай-ақ жауынгерлердің ерліктерін тұрақты түрде жариялап келеді.
Редакция жұмысы бір ғана қаламен шектелмейді. Өңірлердегі баспасөз қызметтері әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігі туралы материалдар ұсынып, ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға үлес қосуда. Соның нәтижесінде газет Ұлттық ұланның елдің әр аймағындағы қызметін кеңінен қамтып келеді.
65 жыл ішінде басылымның атауымен қатар көлемі, таралымы мен жарық көру жиілігі де бірнеше рет өзгерді. Полиграфиялық мүмкіндіктердің кеңеюіне байланысты газеттің безендірілуі де жаңарып, мазмұны мен форматы заман талабына сай жетілдірілді. Бүгінде “Қалқан” газеті айына екі рет жарық көріп, мыңнан астам данамен таралады.
Уақыт өте келе редакция қызметінің аясы да кеңейді. 2004 жылы “Бүркіт” журналы жарық көрсе, 2010 жылдан бастап “Ұлттық ұлан жаршысы” оқу-әдістемелік жинағы шығарыла бастады. Сонымен қатар редакция әскери қызметшілердің өмірі мен қызметіне арналған бірқатар кітаптарды әзірледі.
2010 жылы редакция жанынан бейнестудия құрылды. Мұнда заманауи түсіру және монтаждау құралдарының көмегімен деректі фильмдер мен қысқаметражды бейнематериалдар дайындалады. Газет беттеріндегі QR-кодтарды сканерлеу арқылы оқырман мақалаға қатысты бейнематериалдарды смартфоннан көре алады.
Осылайша 65 жылдық тарихы бар “Қалқан” газеті дәстүр мен заманауи медиатехнологияларды сабақтастыра отырып, Ұлттық ұланның тыныс-тіршілігін оқырманға баспасөз және бейне форматтары арқылы қатар жеткізіп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1299793?lang=ru

Жауап қалдыру