
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Мәртөк аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен аудан әкімі қызметіне бүгінгі күнге дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Мақсатов Нұржан Сұлтанғалиұлы тағайындалды.
Жиында облыс әкімі жаңа басшылықтың негізгі міндеттерін айқындап, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды.
«Мәртөк – облыстың маңызды аудандарының бірі. Басты міндет – ауданның әлеуетін толық пайдаланып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін әр бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, халықпен тікелей байланыста болу қажет», – деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі алдымен елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмысты жүйелеу және абаттандыру мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Ауданның экономикалық белсенділігін арттыруға да басымдық берілді. Инвестициялық жобаларды жандандыру, құрылыс пен инфрақұрылымдық жұмыстарды жеделдету, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша нақты жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.
«Әр инвестормен жеке жұмыс істеп, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған жобаларға басымдық берілуі тиіс», – деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Осыған байланысты өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына шаруашылықтардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ пайдаланылмай тұрған суармалы жерлерді қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселесі көтерілді. Аудан әкімдігіне тиісті мекемелермен бірлесіп, суару жүйесіне қатысты мәселелерді шешу және алқаптардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңарту, ауылдық елді мекендердегі ветеринариялық пункттердің жұмысын күшейту де назарда болады.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық берілді. Пайдаланылмай жатқан және нысаналы мақсатына сәйкес игерілмеген жер учаскелерін ауыл шаруашылығы айналымына қайтару бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Асхат Шахаров аудан тұрғындарының өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беріп, ауылдық округтерге тұрақты шығуды, халықпен тікелей жұмыс істеуді тапсырды.
«Мәртөк ауданының дамуы бір ғана әкімдіктің жұмысына байланысты емес. Аудан әкімдігі, ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, ардагерлер және аудан активі бірлесіп жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Негізгі өлшем – халықтың өмір сүру сапасы мен тұрғындардың сенімі», – деді облыс әкімі.
Жиын барысында қызметін аяқтаған Медет Ысқақов аудан тұрғындарына бірлескен жұмыс үшін алғысын білдіріп, жаңа әкімге сәттілік тіледі.
Өз кезегінде ауданның жаңа әкімі Нұржан Мақсатов өзіне артылған сенімді ақтап, Мәртөктің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және белгіленген міндеттерді сапалы орындауға күш салатынын айтты.
Сондай-ақ аудан ардагерлері жаңа басшылыққа өз тілектерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1300638?lang=ru

Жауап қалдыру