
ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ 57-СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Бүгін, 25 қыркүйек күні қалалық мәслихаттың кезекті 57-сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Сессия жұмысы алдында жалпы ұлттық аза тұту күніне орай, Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған әскери қызметшілерді рухына тағзым етілді.
Сессияның күн тәртібіне 7 мәселе ұсынылып, қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қызылорда қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі.
Қала әкімі Н.Ахатов өз баяндамасында ағымдағы жылдың 8 айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, негізгі салалар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Есепті кезеңде қала бюджетінің көлемі 230 млрд теңгеге жетіп, бюджет кірістерінің орындалуы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 148,1 пайызды құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 244,4 млрд теңгеге жетсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 113,6 млрд теңгені құрады. Қалада 364,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 377,3 млрд теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 65,7 млрд теңгені құрады. Қалада жаңа өндіріс орындарын іске қосу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән берілуде. Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы ірі нысандардың құрылысы жалғасуда. Қаланың инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген.
Қала әкімі Нұржан Сәбитұлы: халықтың денсаулығы нығайту бағытында қалада қолға алынған денсаулық сақтау нысандарының құрылысы туралы атап өтті. Атап айтқанда, 300 орындық көпбейінді аурухана, қаламыздың сол жағалауында 500 орындық емхана, Президент саябағы аумағында 200 орындық перинаталдық орталық, Титов тұрғын ауданынан 400 орындық емхананың құрылысы жүргізілуде. Тасбөгет халқы үшін өзекті болып келген, 400 орындық типтік жобадағы емхана құрылысын салу үшін кенттің Есенов көшесінен жер учаскесі белгіленіп, қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Сонымен бірге, «Эдельвейс» саяжайында орналасқан көл жағасынан «Балалар мен жасөспірімдер спорты мен белсенді демалысты дамытуға арналған көпфункционалды орталық» және Әл-Фараби шағын ауданындарында инновациялық-шығармашылық орталығының құрылысы салынуы жоспарланған.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы М.Жетілгеновтің «Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және бизнесті цифрлық дамыту бағытындағы міндеттердің орындалуы туралы» баяндамасы тыңдалды.
Ағымдағы жылдың 8 айында қалада 32,4 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оның 31,2 мыңы немесе 96,5 пайызы жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік саласында 57 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Ауыл аманаты», «Іскер» бағдарламалары, «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бойынша гранттар беру жоспарланған.
Қаладағы сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға да басымдық берілуде. Жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын төрт сауда базары кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Инвестиция тарту бағытында 8 айда негізгі капиталға 244,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жыл соңына дейін жалпы құны 50 млрд теңге болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібінде бірқатар өндіріс орындары іске қосылды. Сонымен қатар индустриялық аймақта құны 104,1 млрд теңгені құрайтын «Рока Қазақстан» және «Seven Rivers Technologies» жобаларын жүзеге асыруға дайындық жүргізілуде. Жобалар іске асқан жағдайда 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Күн тәртібіндегі төртінші «2026-2028 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №314-45/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және бесінші «2026-2030 жылдарға арналған Қызылорда қаласының даму жоспарын бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы №341-47/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселелері бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес қала бюджетінің кірістер көлемі 229,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде трансферттер түсімі 84,1 млрд теңге, қарыз түсімдері 72,8 млрд теңге көлемінде көзделген. Бюджет шығыстарында үнемделген 290,7 млн теңгені өзекті бағыттарға қайта бөлу жоспарлануда. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарды гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге 77,7 млн теңге, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге 183,3 млн теңге бағыттау қарастырылған.
Күн тәртібіне «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселесі бойынша қала әкімінің аппарат басшысы М.Тасқараев хабарлама жасап, Құрметті азаматы атағына ұсынылған азаматтармен таныстырып, депутаттардың назарына ұсынды.
Кезекті сессия отырысында Қызылорда қалалық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы және «Қызылорда қалалық мәслихатының аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы» мәселелері қаралып, бекітілді.
Сонымен қатар, сессия отырысында шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселесі бойынша қосымша хабарлама жасаған депутат Б.Сыздықов: шағын орта бизнестің кепілдендіру үлесін арттыру, кәсіпкерлік нысандарының басым көпшілігінде маман тапшылығын шешу, өндірістік аумақтардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын алдын ала дайындау, жергілікті өнімді өткізу, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, цифрландыру туралы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Сессия отырысына облыстық басқармалары, департаменттердің басшысының орынбасарлары мен өкілдері, қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау органдарының, қаржы институттарының өкілдері, қалалық басқармалар, дербес бөлімдердің басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, коммуналдық мекемелер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия қарауына ұсынылған барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия жұмысы «Youtube» арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-orda/press/news/details/1300102?lang=ru

Жауап қалдыру