Қарттар күніне орай Түркістан облысында «Бір дәуірдің мөлдіреген жастары едік» атты облыстық апталық өтуде. Апталық аясында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік қолдау көрсетуге және ұрпақтар сабақтастығын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.
Бүгін апталықтың алғашқы күні «Денсаулық керуені» шарасымен басталып, медициналық мамандардан құралған мобильді топ Төлеби ауданы Қаратөбе ауылдық округіне барды.
Іс-шара барысында ауылдағы қарт азаматтардың денсаулығы тексеріліп, қан қысымы өлшеніп, қандағы қант мөлшері анықталды. Сонымен қатар мамандар қариялардың жалпы денсаулық жағдайын бақылап, қажетті медициналық кеңестер берді.
«Денсаулық керуенінің» басты мақсаты – шалғай елді мекендердегі қарттарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, аурулардың алдын алу және олардың денсаулығына тұрақты көңіл бөлу.
Қарттарға құрмет көрсетіп, қамқорлық танытуға бағытталған игі шаралар апталық аясында алдағы күндері де жалғасатын болады.
Жауап қалдыру