Степногорск қаласының прокуратурасы халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша тұрғын үй есебіне талдау жүргізді.
Кезекте 1 095 азаматтың тұрғанына қарамастан, талдау барысында 2023 жылдан бастап кезекте тұруын жалғастырған 9 қайтыс болған адам, сондай-ақ қаладан көшіп кеткен және тұрғын үй есебінде одан әрі болу негіздерінен айырылған 14 тұлға анықталды.
Бұдан бөлек, меншігінде жылжымайтын мүлкі бар тұлғалардың кезекте тұру фактілері анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде аталған тұлғалар кезектегілер тізімінен шығарылды.
Сондай-ақ, прокуратура тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың едәуір санының болуына қарамастан, ұзақ уақыт бойы нақты бос тұрған босатылған тұрғын үй-жайдың пайдаланылмау фактісін анықтады.
Прокурорлық араласу нәтижесінде пәтер кезекте тұрғандар арасында одан әрі бөлу үшін берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Ақмола облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-akm-obl/press/news/details/1300559?lang=ru

Жауап қалдыру