Абай облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы болды.

Жиынға комиссия мүшелері мен аумақтық органдардың басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері, Ішкі істер министрлігінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов отырысқа онлайн режимде қосылды.

Жаңа «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңға сәйкес бұған дейін әкімдіктер жанында жұмыс істеген құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның атауы өзгертіліп, мәртебесі жоғарылады.

Отырыста Білім, денсаулық сақтау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, Полиция департаментінің өкілі баяндама жасады. Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Түнгі клубтар мен ойын залдарында ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша рейдтік шаралар, сондай-ақ, балаларды сабақтан тыс уақытта үйірмелер мен спорт секцияларына тарту жайы талқыланды. Автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолға бақылаусыз малдың шығуы және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде автоматтандырылған кешендер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселелері де сөз болды.

Отырыс қорытындысында қала және аудан әкімдеріне ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын жаңа заң талаптарына сәйкес қайта ұйымдастыру тапсырылды. Аймақ басшысы «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыруда нақты нәтижеге басымдық беріп, комиссиялар жұмысында формализмге жол бермеу қажеттігін атап өтті.

«Құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден бұрын оның алдын алуға басымдық беруіміз керек. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды спортқа, шығармашылық және басқа да пайдалы үйірмелерге көбірек тарту қажет. «Заң мен тәртіп» қағидаты күнделікті жұмыстың нақты өлшеміне айналуы тиіс», – деді Берік Уәли.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1301401?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді