Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңір дамуының өзекті мәселелері қаралды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Бүгін Көкшетау қаласында Ақмола облыстық мәслихатының VIII шақырылымының кезекті 33-сессиясы өтті. Сессияға мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов төрағалық етті. Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досулан Айтбаев қатысты.

Сессияның күн тәртібінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, инвестиция тарту және өңірдегі индустриялық аймақтарды дамыту мәселелері қаралды. Бұл бағыттар бойынша Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асхат Ахмедьянов баяндама жасады.

Өңірде «Digital Region» тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержан баяндады.

Сессия барысында «Ақмола облысының Құрметті азаматы» атағы берілген азаматтардың есімдері де жарияланды. Ақпаратты облыс әкімінің орынбасары, Ақмола облысы әкімдігі жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары жөніндегі комиссияның төрағасы Досулан Айтбаев таныстырды.

Депутаттар Ақмола облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына, «кілтпен тапсырылатын» құрылыс нысандарының тізбесіне, сондай-ақ облыстың тұрғын үй қорын 2026–2030 жылдарға арналған реновациялау бағдарламасына қатысты бірқатар мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізді.

Сонымен қатар елді мекендер аумағында жер учаскелерін жеке меншікке беру кезінде қолданылатын базалық төлемақы мөлшерлемелеріне, Степногорск қаласы мен Ақкөл ауданының шекараларын өзгертуге қатысты шешімдерге өзгерістер енгізілді.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша уақытша жер пайдалану құқығында болуы мүмкін жер учаскелерінің ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша шекті (ең жоғары) мөлшерлерін белгілеу мәселесі де қаралды.

Сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігі жанындағы «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі комиссияның дербес құрамы бекітілді.

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты Ақмола облыстық мәслихаты туралы ережені бекіту жөніндегі шешімге де тиісті өзгерістер енгізілді.

Мәселелерді талқылау барысында депутаттар облыс орталығы ғана емес, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға да назар аударды. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді жүйелі түрде шешудің маңыздылығы атап өтілді.

Сессия соңында аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары мен төрағаларын «Еңбек ардагері» және «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» медальдарымен марапаттау рәсімі өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1300986?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді