
Проактивті мемлекеттік қызметтер азаматтарға әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін мемлекеттік органдарға өз бетінше жүгінбей-ақ алуға мүмкіндік береді.
Заңнамада көзделген негіздер мен қажетті мәліметтер болған жағдайда мемлекеттік қызметті көрсету мемлекеттік органның бастамасымен жүзеге асырылуы мүмкін.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Қызметтерді проактивті түрде көрсету мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
Азаматтың тиісті әлеуметтік төлемді немесе жәрдемақыны алуға құқығы туындаған кезде, заңнамада көзделген жағдайларда оған SMS-хабарлама жіберіледі.
Азаматқа:
- SMS-хабарламамен танысу;
- қызметті алуға келісімін растау;
- банк шотының нөмірін растау немесе ұсыну;
- қызмет көрсету нәтижесі туралы хабарламаны күту қажет болуы мүмкін.
Бұл ретте мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар мәліметтерді қайта ұсыну талап етілмейді.
Қандай қызметтер проактивті түрде көрсетіледі?
👨👩👧 Балалы отбасыларға қолдау
Бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау
Бала тууы тіркелгеннен кейін мемлекеттік қызмет проактивті форматта көрсетілуі мүмкін.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы
Бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау да проактивті түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы
«Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы проактивті түрде тағайындалуы мүмкін.
Мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын адамға берілетін жәрдемақы
Тиісті негіздер болған кезде жәрдемақы проактивті форматта тағайындалуы мүмкін.
♿ Мүгедектігі бар адамдарды қолдау
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау
Тиісті негіздер болған кезде азаматқа жәрдемақыны проактивті түрде тағайындау туралы ұсыныс жіберілуі мүмкін.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға, әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақыны тағайындау
Жәрдемақыны тағайындау мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде проактивті түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе әлеуметтік қорғаудың қажетті шараларын айқындау
Осы мемлекеттік қызмет шеңберінде заңнамада белгіленген жағдайларда сырттай проактивті куәландыру (қайта куәландыру) көзделген.
💳 Өзге де әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы
Жәрдемақы алуға құқығы болған кезде азаматқа оны проактивті форматта тағайындау туралы ұсыныс жіберілуі мүмкін.
Жерлеуге берілетін біржолғы төлем
Тиісті негіздер болған кезде мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде қызмет проактивті түрде көрсетілуі мүмкін.
Мемлекеттік кепілдік бойынша айырманы төлеу
Инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманы төлеу заңнамада көзделген жағдайларда проактивті қағидат бойынша жүзеге асырылады.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы
Тиісті құқығы болған кезде азаматқа арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алу туралы ұсыныс жіберілуі мүмкін.
Азамат нені білуі маңызды?
📱 SMS-хабарламаларды қадағалаңыз
Егер мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетілуі мүмкін болса, азаматқа тиісті хабарлама белгіленген жағдайларда SMS арқылы жіберіледі.
✅ Келісімді растаңыз
Процесті жалғастыру үшін мемлекеттік қызметті алуға келісімді растау қажет болуы мүмкін.
🏦 Банк шотын көрсетіңіз
Қызмет түріне байланысты төлемді аудару үшін банк шотының нөмірін растау немесе ұсыну қажет.
📄 Артық құжаттарды жинамаңыз
Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар болса, оларды қайта ұсыну талап етілмейді.
Маңызды!
Мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету заңнамада көзделген негіздер мен қажетті мәліметтер болған жағдайда жүзеге асырылады.
Егер ақпараттық жүйелерде қажетті деректер болмаса немесе оларды растау мүмкін болмаса, азаматтан белгіленген тәртіппен қызмет алу үшін жүгіну талап етілуі мүмкін.
Әрбір мемлекеттік қызметті көрсетудің шарттары, тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
Проактивті қызметтер — мемлекеттік қолдауды қолжетімді етіп, азаматтың қызмет алу барысында жасайтын әрекеттерін азайтудың тиімді тәсілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-almaty/press/news/details/1301585?lang=kk

Жауап қалдыру