ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ БЕЙІМДЕУ: ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда
Түркістанда екі күнге жалғасқан «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» атты III Халықаралық симпозиумы өз мәресіне жетті.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қабырғасында өткен симпозиумның басты мақсаты – қазақ тілінің ғылым, білім және технология салаларындағы қолданысын кеңейту, оны жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға бейімдеудің ғылыми негіздерін талқылау, қазақтілді ғылыми контентті арттыру және ұлттық ғылыми терминологияны жүйелеуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу.
Ауқымды ғылыми жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, лингвист-зерттеушілер, IT саласының мамандары, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, жас зерттеушілер қатысты. Симпозиум жалпы саны 200-ден астам қатысушының басын біріктірді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырды.
Алқалы жиынның ашылуына орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, университеттің Өкілетті кеңес төрағасы Хүсейін Караман, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжехан құттықтау жолдады.
Пленарлық отырысқа университет ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті. Ал академик, университеттің Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабай және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының OpenAI бойынша жоба жетекшісі
Анар Құрманжан баяндама жасады.
Ғалымдар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің даму бағытын, ғылыми коммуникация мен тілдік технологиялардың өзара ықпалын, ұлттық тіл моделін қалыптастыру, қазақтілді цифрлық ресурстарды жетілдіру және сапалы тілдік деректер қорын әзірлеу мәселелерін талқылады.
Симпозиум жұмысы алты секция бойынша жалғасты. Ғылыми отырыстарда іргелі және қолданбалы тіл білімі, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы жасанды интеллект мүмкіндіктері, жаратылыстану және техникалық ғылымдардағы қазақ тілінің қолданысы, қазақ тіліндегі құқықтық дискурс, ұлттық өнерді цифрлық дәуірде сақтау, әдебиеттану, абайтану және рухани мұраны зерттеу мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар «Қазақ лингвистикасының логистикасы – Қазақстан ғылымының инновациясы және инвестиция негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Пікірталас алаңында қазақ тіл білімінің ғылыми инфрақұрылымын жетілдіру, лингвистикалық зерттеулерді жүйелеу, ғылыми нәтижелерді технологиялық жобаларға айналдыру және тіл саласына инвестиция тарту жолдары талқыланды.
Симпозиумның маңызды оқиғаларының бірі – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті әдебиеттанушы, абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атындағы дәрісхананың ашылуы болды. Жаңа дәрісхана ғалымның ғылыми мұрасын ұлықтап, оны кейінгі буынға танытатын ғылыми-танымдық кеңістікке айналмақ.
Жиын барысында Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай әзірленген «Толық адам танымы» ғылыми жинағының тұсаукесері де өтті. Жинақты «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, аса көрнекті ұлт зиялысы, атақты Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті Мақсат Әліпхан құрастырып дайындаған. Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген ғылыми еңбекте Абайдың «Толық адам іліміне» қатысты зерттеулер жинақталып, ұлы ойшылдың адамгершілік танымының қалыптасуы мен мән-мазмұны кеңінен зерделенген.
Екі күндік ғылыми пікірталастың қорытындысы бойынша қазақ тілін цифрлық дәуірде толыққанды ғылым тілі ретінде орнықтыруға бағытталған симпозиум қарары қабылданды. Құжатта қазақ тілінің іргелі ғылыми корпусын кеңейту, академиялық мәтіндердің мамандандырылған подкорпусын жасау, жасанды интеллект жүйелеріне арналған сапалы нейрожелілік модельдерді әзірлеу және электрондық терминологиялық платформаларды жетілдіру ұсынылды. Сондай-ақ қолжазбалар мен архивтік деректерді цифрландыру, жаратылыстану және техникалық ғылымдарда қазақ тілінің қолданысын арттыру, қазақ тіліндегі ғылыми журналдарды халықаралық дерекқорларға интеграциялау қажеттігі белгіленді.
Қарарда құқықтық терминологияны жүйелеу, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық құқықтық сервистерді дамыту, ұлттық өнер мен рухани мұраны цифрлық архивтер, 3D модельдер және виртуалды музейлер арқылы сақтау мәселелері де қамтылды. Сонымен қатар Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми еңбектерін цифрландырып, ашық электрондық база құру, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына «Абайтану» пәнін енгізу және «Қазақ тілі – ғылым тілі» халықаралық симпозиумын екі жылда бір рет өткізу
ұсынылды.
Осылайша, III Халықаралық симпозиум қазақ тілінің цифрлық дәуірдегі мүмкіндіктерін кеңінен танытып, тіл білімі, ғылым және технология арасындағы байланысты нығайтты. Жиында көтерілген бастамалар қазақ тілін заманауи ғылыми айналымға енгізуге, ұлттық мазмұндағы цифрлық өнімдерді дамытуға және мемлекеттік тілдің халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға бағытталды.
Айта кетейік, Ахмет Ясауи университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі» симпозиумы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қазақ тілінің келешегіне арналған халықаралық жиын алғаш рет екі жыл бұрын, яғни 2024 жылы өтіп, қоғамда қолдауға ие болды. Ал 2025 жылы өткен II Халықаралық симпозиум «Жасанды интеллект және терминология» тақырыбына арналып, қазақ тілінің ғылыми коммуникациядағы орны, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен салалық терминология мәселелерін қамтыды. Биылғы басқосу сол ғылыми диалогтың аясын кеңейтіп, қазақ тілінің цифрлық дәуірдегі болашағын әртүрлі ғылым салаларымен сабақтастыра қарастырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1301382?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді