Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі судья кадрларын кәсіби даярлау және дамыту жүйесін жаңғыртуда

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі судья кадрларын кәсіби даярлау және дамыту жүйесін жаңғыртуда

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов «Литер» газетінде жарияланған «Судьяларды даярлаудың жаңа моделі: сот төрелігін тұрақты дамытудың стратегиясы» атты мақаласында кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың жаңартылған стратегиясын ұсынды. Бұл қадам Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Судьялардың IX съезінде судьялыққа кандидаттарды сапалы іріктеу және судьялар құрамының біліктілігін жүйелі түрде арттыру жөнінде берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Институционалдық ортаны трансформациялаудың негізгі кезеңі Сот төрелігі академиясын Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беру болды. Бұл судьялыққа кандидаттарды іріктеуден бастап, білім беру процесін, біліктілікті арттыруды және сот-құқықтық ғылыми қызметті қамтитын үздіксіз кәсіби дамудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Білім беру және ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртудың, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің және процестерді цифрландырудың алдағы кезеңге арналған стратегиялық бағыттары Сот төрелігі академиясын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған бекітілген тұжырымдамасында айқындалған.

Академияның білім беру моделі практикалық бағдарланған тәсіл және «судья судьяға үйретеді» қағидаты негізінде қалыптастырылуда. Оқу процесіне жұмыс істеп жүрген судьялар мен жетекші ғалым-заңгерлер тартылып, сот практикасын талдау, сот процестерін модельдеу, құқықтық кейстерді шешу және сот актілерінің жобаларын әзірлеу тетіктері енгізілді. Судьялық лауазымдарға үміткер тұлғалар үшін біліктілік емтиханына дайындалудың мамандандырылған бағдарламалары және құқық қолданудың практикалық дағдыларын қарқынды меңгеруді қамтамасыз ететін референдариат институты дамытылуда.

Сонымен қатар Академияның академиялық және инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдан бастап Академияда ғылыми-педагогикалық магистратура іске қосылды, докторантура бағдарламаларын іске асыруға лицензия және ғылыми қызмет субъектісін аккредиттеу туралы куәлік алынды.

Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі сот жүйесінің кадр саясатын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыра отырып, судьялар корпусының жоғары біліктілігін қамтамасыз етуге және азаматтардың сот төрелігі институтына деген сенімін нығайтуға бағытталған шараларды іске асырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1301562?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді