
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда жол қозғалысы саласындағы заңнама талаптарының сақталуы мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық тәртіптің жай-күйі қаралды.
✔️ Соңғы үш жылда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 3 млрд теңге бағытталды. Оның 1,3 млрд теңгесі 2026 жылға қарастырылған. Қабылданған шаралар тіркелген жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік берді. Отырыста Петропавл қаласы мен аудандардағы жолдардың жай-күйіне, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелерге ерекше назар аударылды.
✔️ Ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау мәселесі де талқыланды. Облыста жоспарланған 6 автоматтандырылған өлшеу станциясының 4-еуі орнатылды, 212 әкімшілік материал рәсімделіп, жалпы сомасы 82 млн теңге айыппұл салынды. Егер 2024 жылы тексерілген көліктердің 90%-нан заң бұзушылық анықталса, қазір жүк көліктері арасындағы заң бұзушылық деңгейі 40 %-ға төмендеді.
✔️ Облыс әкімі жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелердегі бақылауды күшейтуді, полиция нұсқамаларының уақытылы орындалуын және жол жабынының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Аудан және Петропавл қаласының әкімдеріне мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын ретке келтіруді жеделдетіп, жол қызметтерін қыс мезгіліне дайындау міндеті қойылды.
✔️ Отырыста қоғамдық тәртіп мәселесі де қаралды. Соңғы үш жылда өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен шамамен 587 млн теңге бөлінді, оның ішінде 2026 жылға 130 млн теңге қарастырылған. Жүргізілген профилактикалық жұмыстың нәтижесінде қылмыстардың жалпы саны 17,5 %-ға азайды.
✔️ Дегенмен, облыс әкімі атап өткендей, кейбір бағыттар ерекше назар аударуды талап етеді. Тиісті ведомстволарға мектептер мен колледждердегі профилактикалық жұмысты, сондай-ақ профилактикалық және пробациялық есепте тұрған адамдарға бақылауды күшейту тапсырылды. Бұған қоса, тұрғындар қоғамдық тәртіптің бұзылуына шағымданатын орындарда тұрақты патрульдеуді ұйымдастыру міндеті қойылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1301448?lang=ru

Жауап қалдыру