
БІР МЕКТЕП. БІР ҒҰМЫР. БІР ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ
Кейбір ұстаздар үшін мектеп – жай ғана жұмыс орны емес. Ол – саналы ғұмырының ажырамас бөлігі, талай шәкірттің балалық шағы мен алғашқы армандарына куә болған қасиетті шаңырақ.
Тасқала ауданының «Оян» мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде 31 жылдан 38 жылға дейін үздіксіз еңбек етіп келе жатқан бес ұстаз бар.
Олар – Бибігүл Камешқызы, Алмагүл Есенқызы, Гүлжан Амангелдіқызы, Айгүл Шамаққызы және Айжан Хаменқызы.
Бірі – математикадан шәкірттеріне дәлдік пен терең ойлауды үйретсе, бірі – физиканың сырын танытып, ғылымға қызығушылығын оятты. Бастауыш сыныптың алғашқы ұстазы болған жан талай баланың білім әлеміне алғашқы қадамын жасатты. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі ана тілінің қадірін ұрпақ бойына сіңірсе, информатика пәнінің ұстазы жас буынды цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін игеруге бағыттап келеді.
38 жыл. 37 жыл. 35 жыл. 31 жыл..
Бұл – жай ғана еңбек өтілі емес.
Бұл – мыңдаған сабақ, жүздеген шәкірт, талай буынның балалық шағы. Бұл – әр қоңыраумен бірге басталған жаңа сабақтар, шәкірт жетістігіне қуану, жас маманға ақыл айту, туған мектебіңнің дамуына үлес қосу.
Бір білім ордасында 30 жылдан астам еңбек еткен бұл ұстаздардың тағдыры мектеп тарихымен біте қайнасып жатыр.
Тәжірибелі ұстаздардың өнегелі жолы – жас мамандарға бағыт, шәкірттерге үлгі, ал мектеп үшін баға жетпес рухани мұра.
Сіздердің жылдармен өлшенетін еңбектеріңіз – ұрпақ жүрегінде жалғасатын із. #ҰстаздарКүні #ҰстазЕңбегі #БірМектепБірҒұмыр #БҚОБілімБасқармасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-bilim/press/news/details/1300822?lang=kk

Жауап қалдыру