
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Оған бейнеконференцбайланыс арқылы Ішкі істер министрлігі Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Арман Саданов қатысты.
Шілде айынан бастап күшіне енген еліміздің жаңа Конституциясында заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілді.
Осыған байланысты заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп, облыс әкімдігі жанынан «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.
Комиссия отырысында сотталғандар арасында құқық бұзушылықтар мен қайталама қылмыстардың алдын алу, оларды босатуға даярлау және әлеуметтік бейімдеуде қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Сонымен қатар халықтың ақшалай қаражатын заңсыз тарту және өзге де алаяқтық әрекеттерге байланысты құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мәселесі талқыланды.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Мақсұт Өтетлеуов және Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Кенесары Бағбанұлы баяндама жасады.
Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына бірқатар міндет жүктеді.
Атап айтқанда, экономикалық тергеп-тексеру департаментіне күмәнді интернет ресурстарды анықтау, олардың жолын кесуді күшейту, анықталған фактілер бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижелілігін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Полиция департаменті азаматтар арасында, әсіресе тәуекел тобына жататын тұрғындар мен еңбек ұжымдарында қаржылық алаяқтықтың алдын алуға бағытталған нысаналы профилактикалық жұмыстарды күшейтуі керек.
Ал қоғамдық даму басқармасы, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрғындарға қаржы пирамидалары мен алаяқтық схемаларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуі тиіс.
Ең бастысы, бұл жұмыстар формалды сипатта емес, азаматтарды қаржылық шығынға ұшыраудан сақтандыруға бағытталуы керек.
Бұдан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы шаралардың тиімділігі талқыланды.
Аймақ басшысы барлық басқарма басшыларына, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне өздеріне қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне талдау жүргізуді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен кемшіліктерді уақытылы анықтауды, оларды жоюдың нақты шараларын қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ қолданыстағы талаптарға сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтері құрылып, дербес әрі тиімді жұмыс істеуі керек.
Жүйелі профилактикалық шараларға басымдық беріліп, халықтың құқықтық сауатын арттыруға, адалдық қағидаттарын нығайтуға және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымын қалыптастыруға бағытталған шаралар қабылданады.
Облыстық қоғамдық даму басқармасына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға қойылатын талаптарды күшейту, олардың орындалуымен қатар, нақты нәтижесін бағалау жүйесін енгізу тапсырылды. Әр жоба бойынша қамтылған аудитория мен қол жеткен нәтиже нақты көрсетілуі қажет.
Бұдан бөлек, барлық басқарма басшыларына, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне өздеріне қарасты салалар мен аумақтарда тәуекелдердіескере отырып, жүйелі профилактикалық жұмысты жолға қою міндеттелді. Осы орайда тек іс-шара өткізумен шектелмей, халықтың құқықтық сауатын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға баса мән берілуі керек.
Комиссия отырысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев баяндама жасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1301474?lang=ru

Жауап қалдыру