
Әлеуметтік желідегі видео түнгі отшашуды ұйымдастырған азаматты анықтауға көмектесті. Қарағандыда мейрамхана ашылуына орай түнгі уақытта отшашу ұйымдастырған азамат полиция назарына ілікті. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінің ашылу рәсімінен түсірілген бейнежазбаға назар аударған. Кадрларда түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдар қолданылып, отшашу ұйымдастырылғаны көрінеді. Жүргізілген тексеру нәтижесінде отшашуды ұйымдастырған азамат анықталды. Ол – 46 жастағы қала тұрғыны. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, жинақталған материалдар сотқа жолданды. Бұл – әлеуметтік желілер арқылы анықталған осындай фактілердің бірі. Жыл басынан бері Қарағанды облысында түнгі уақытта тыныштықты бұзып, белгіленбеген орындарда отшашу ұйымдастыруға байланысты төрт дерек анықталды. Барлық құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Полиция азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарымен қатар, заңнамада белгіленген тәртіпті сақтауға шақырады. Мерекелік көңіл-күй айналадағы тұрғындардың тыныштығына кедергі келтірмеуі тиіс. Қарағанды облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Ашық дереккөздерде жарияланған бейнежазбалар мен басқа да материалдар арқылы анықталған әрбір құқық бұзушылық бойынша заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1302222?lang=ru

Жауап қалдыру