
Астанада Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ балалар мен олардың ата-аналарын кешенді сүйемелдеу мәселелері талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді төрағалық етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Комиссия жұмысының маңызды бағыттарының бірі – көмекке мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтау. Қалада кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға медициналық-әлеуметтік сүйемелдеу жүргізіледі. Мамандар ата-аналарға хабарлама жолдап, оларды «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына шақырады. Мұнда кеңес беріліп, отбасының қажеттіліктері анықталады, сондай-ақ мамандар отбасылардың үйлеріне барып, аулаларды аралап шығады.
Осы жұмыстың қорытындысы бойынша отбасының жағдайына бастапқы бағалау жүргізіліп, кейін жеке көмек көрсету жоспары әзірленеді. Мұндай тәсіл бір реттік қолдаумен шектелмей, жағдай тұрақтанғанға дейін отбасымен жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – отбасын есепке қою емес, оның қиын жағдайдан шығуына және қалыпты өмірге қайта оралуына көмектесу.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың ұсынымдары бойынша сүйемелдеуге берілген отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді.
Отырыста атап өтілгендей, 2025-2026 жылдары 107 отбасы сүйемелдеуге берілген.
Олармен жұмыс нақты өмірлік жағдайы мен қажеттіліктерін ескере отырып жүргізілді. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының мамандары әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, жұмыспен қамту, тұрғын үй жағдайын жақсарту, қажетті құжаттарды алу және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етті.
Барлығы отбасыларға 198 әлеуметтік қызмет көрсетілді. Олардың қатарында демеушілік көмек, психологиялық және құқықтық кеңес беру, әлеуметтік-мәдени іс-шараларға қатысу, қажетті құжаттарды рәсімдеуге, тұрғын үй кезегіне тұруға, тиісті ақпараттық жүйелерде тіркелуге және емханаға тіркелуге жәрдемдесу бар.
Жиынға қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы профилактикалық жұмысты мүмкіндігінше ертерек бастау қажет екенін атап өтті. Бұл ретте жасалған құқық бұзушылықтарға ғана ден қоймай, отбасындағы қолайсыз жағдайға, жанжалдарға, сабақтан қалуға немесе кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекетке баруына себеп болуы мүмкін факторларды дер кезінде анықтау маңызды.
Сонымен қатар мектептер, әлеуметтік және медициналық қызметтер, қорғаншылық органдары, құқық қорғау органдары мен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің маңыздылығы атап өтілді. Кешенді тәсіл баланы дер кезінде қолдауға, отбасының әл-ауқатын сақтауға және неғұрлым күрделі мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Бұл жұмыстың басты бағдары – баланың амандығы, ата-аналарға қолдау көрсету және отбасының қиындықтарымен жалғыз қалмауына жағдай жасау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1302350?lang=ru

Жауап қалдыру