
Халықпен етене қызмет: Қарағанды облысында үздік учаскелік инспекторлар анықталды. Қарағанды облысында халықпен етене жұмыс істейтін учаскелік полиция инспекторларының кәсіби шеберлігі сараланды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауының қорытындысы бойынша қалалық және ауылдық жерлердегі үздік қызметкерлер анықталды. Учаскелік инспектор – тұрғындардың күнделікті мәселесіне қанық, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын полиция қызметкері. Ол қаладағы көпқабатты үйлер мен аулалардан бастап, шалғай ауылдарға дейін қызмет атқарып, халықпен тікелей байланыс орнатады. Қарағанды облысы полиция департаменті ұйымдастырған байқаудың мақсаты – қызметтік міндетін мінсіз атқарып жүрген үздік мамандарды анықтап, олардың кәсіби еңбегін дәріптеу. Байқау барысында қатысушылардың дене дайындығы, нормативтік-құқықтық базаны білуі және қызметтік міндеттерді орындау деңгейі сыналды. Сонымен қатар байқаудың маңызды кезеңдерінің бірі – тұрғындардың пікірі. Азаматтар өз таңдауларын полиция департаментінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында өткен онлайн дауыс беру арқылы білдірді. Осылайша, учаскелік инспекторлардың кәсіби білімімен қатар, халық арасындағы беделі мен тұрғындардың сенімі де ескерілді. — Учаскелік полиция инспекторы – полиция мен қоғам арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Азаматтар қандай да бір мәселе туындағанда ең алдымен учаскелік инспекторға жүгінеді. Байқау қорытындысы біздің қызметкерлеріміздің кәсіби білімімен қатар, халықтың сеніміне ие болуға да ерекше мән беретінін көрсетті. Бұл – полиция қызметінің басты көрсеткіштерінің бірі, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров. Байқаудың ақтық кезеңіне 10 үздік қызметкер жолдама алды. Финалистердің күнделікті қызметі бейнероликтер арқылы көрсетіліп, олардың жұмыс барысында кездесетін түрлі жағдайлар мен жауапкершілігі таныстырылды. Қорытындысында қалалық жердегі үздік учаскелік полиция инспекторы атағын Саран қаласы полиция бөлімінің қызметкері Айдар Маканов иеленді. Ал ауылдық жердегі үздік учаскелік полиция инспекторы аталымы Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің қызметкері Жандос Қыдыргелдіге берілді. Жеңімпаздарға облыс әкімінің атынан 2 миллион теңгеден ақшалай сыйақы табысталады. Сонымен қатар олар Қарағанды облысының атынан республикалық деңгейдегі байқауға қатысады. Учаскелік инспекторлардың жұмысы көбіне көпшілік назарынан тыс қалып жатады. Алайда олардың күн сайын тұрғындармен тікелей жұмыс істеуі, құқық бұзушылықтың алдын алуы және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды бөлігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1302238?lang=ru

Жауап қалдыру