
Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақ опера өнерінің королі атанған көрнекті әнші Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық шаралар өтіп жатыр. Ұлы өнерпаздың өмірі мен шығармашылығына арналған концерттер, шығармашылық кештер мен көрмелер еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылуда. Ермек Серкебаевтың ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне де енгізілді.

Қарағанды да мерейтойлық шаралар легіне қосылады. 2 қазанда Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрында Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған шығармашылық кеш өтеді.
«Ермек Серкебаевтың есімі ұлттық және әлемдік мәдениет тарихына алтын әріптермен жазылды. Оның асқақ баритоны Еуропадан Америкаға дейінгі талай әйгілі сахнаны бағындырғанымен, жүрегі әрдайым туған жерімен бірге соқты. Ермек Серкебаевтың орындауындағы Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди және Сыдық Мұхамеджановтың ұлттық классика жауһарлары қайталанбас, биік деңгейдегі көркемдік сипатқа ие болды», – деп атап өтті театр өкілдері.
Қарағандыдағы мерейтойлық кештің бағдарламасына Ермек Серкебаевтың репертуарындағы опералық партиялар, романстар мен халық әндері енген. Оларды театрдың жетекші солистері мен хоры орындайды. Концертке балет әртістері де қатысады.
Кеш сағат 18:30-да басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1302347?lang=ru

Жауап қалдыру