
Бүгін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ә.С. Қуантыровтың Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ Өкілі Рашед Мұстафа Сарвармен кездесуі өтті.
Тараптар Өңірлік экологиялық саммит аясындағы өзара іс-қимыл, Ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған үлес (ҰДҮ 3.0) дайындау, сондай-ақ экологиялық және климаттық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында «жасыл» экономиканы дамыту, экологиялық мәдениет пен білім беруді ілгерілету, балалар мен жастарды тарту, климаттық тұрақтылықты арттыру, экологиялық волонтерлікті дамыту және сараптамалық ынтымақтастық мәселелері де көтерілді.
ЮНИСЕФ қызметінің негізгі бағыттарын ескере отырып, Министр ұйымнан мүше мемлекеттердің экологиялық күн тәртібін қалыптастырудағы үздік халықаралық тәжірибесін жинақтауды сұрады. Бұл өз кезегінде балаларға осы бағытта экологиялық білім беруге ықпал ететін болады.
Кездесудің жеке тақырыбы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын практикалық іске асыру болды. Бастама экологиялық жауапты әрі тұрақты қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Ә. Қуантыров балалар мен жастарға экологиялық білім беру, «жасыл» дағдыларды дамыту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру бағыттарында ЮНИСЕФ-пен одан әрі ынтымақтастық орнатудың зор әлеуетін атап өтті.
Климаттық күн тәртібіне қатысты мәселелер де кездесу барысында өз көрінісін тапты. Министр климаттың өзгеруі жағдайында балалар мен жастардың мүдделерін қорғауға және оларды климаттық әрі экологиялық саясатты қалыптастыру үдерісіне мазмұнды түрде тартуға Қазақстанның ерекше мән беретінін атап өтті.
ЮНИСЕФ-тің 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасын іске асыру өзара тиімді әріптестікті практикалық мазмұнмен толықтыру үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Декларациясы – Өңірлік экологиялық саммиттің Қорытынды құжатында көрініс тапқан бағыттардың бірі – «Жасыл мектеп» өңірлік платформасы. Бұл Орталық Азия елдерінің экологиялық білім беру, «жасыл» дағдыларды дамыту және білім беру инфрақұрылымының климаттық тұрақтылығын арттыру саласындағы тәжірибе алмасуына арналған перспективалы алаң.
Министр алдағы COP31-ді бірлескен жобаларды дәйекті түрде іске асыру үшін алаң ретінде пайдалануды ұсынды. Осылайша, 14 қарашада Қазақстан павильонының бағдарламасында «Балалар, жастар, оқыту және дағдылар» тақырыптық бағыты қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға және Қазақстанның балалары, жастары мен болашақ ұрпақтары үшін ұзақ мерзімді әсері бар практикалық бастамаларды бірлесіп дамытуға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1301889?lang=ru

Жауап қалдыру