
29 қыркүйекте А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ақын, Шығыс Қазақстан облыстық «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің жетекшісі, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Наталья Семеновна Матвееваның 75 жылдық мерейтойына арналған «Шабыттан туған шумақтар…» атты әдеби кездесу өтті.
Кездесу барысында кітапханада поэзия, туған қала, әдебиет және ондаған жылдар бойы Шығыс Қазақстанның әдеби тарихын қалыптастырып, сақтап келе жатқан адамдар жайында сөз қозғалды. Алайда ең алдымен бұл – адамның тағдыры, естеліктері, шығармашылық жолы және көптеген жылдар бойы Наталья Семеновнаның жырларында өмір сүріп келе жатқан ішкі сәулесімен сырласқан кездесу болды.
Биыл ақынның мерейтойы тағы екі айтулы датаға – «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің 105 жылдығына және ұзақ жылдар бойы осы бірлестікті басқарған жазушы Александр Иванович Егоровтың туғанына 100 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан кездесу барысында өрбіген әңгіме бір ғана мерейтой аясымен шектелмей, Шығыс Қазақстанның әдеби шежіресіне үңіліп, оның қалыптасу жолына көз жүгірткен рухани сапарға ұласты.
Наталья Семеновнаның балалық шағы, отбасы, туған жері – өлеңдерінде талай мәрте көрініс тапқан, сондай-ақ оның жүрегінде өшпес із қалдырған Өскемен қаласы туралы естеліктер айтылды. Ақынның алғашқы әдеби ізденістері, тұңғыш жарияланымы, 1998 жылы жарық көрген алғашқы «Стёжки-дорожки» атты кітабы және автордың шығармашылық жолына қолдау көрсетіп, өз бағытын табуына ықпал еткен жандар жайында сөз қозғалды.
Кездесу барысында «Звено Алтая» әдеби бірлестігіне ерекше орын берілді. Ғасырдан астам уақыт бойы Шығыс Қазақстанның ақын-жазушыларын біріктіріп келе жатқан бұл әдеби бірлестік көптеген автор үшін нағыз әдеби мектепке, кездесулер мен шығармашылық ізденістердің, достықтың және кәсіби қалыптасудың ордасына айналды. Бүгінде оның тарихы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жинақталған тәжірибе кейінгі буынға жол тартуда.
«Звено Алтаяның» маңызы мен оның мүшелері туралы Қазақстандағы Ресей Жазушылар одағы мүшелерінің бірлестігінің төрайымы Ирина Борисовна Каланчина әңгімеледі. Кездесу барысында тағдыры осы әдеби бірлестікпен тығыз байланысты болған ақын-жазушылардың есімдері аталып, Наталья Семеновнаға ізгі тілектер мен құттықтаулар жолданды.
Сондай-ақ Александр Иванович Егоровтың есімі де назардан тыс қалмады. Дәл осы кісіден Наталья Семеновна 2009 жылы «Звено Алтая» әдеби бірлестігіне жетекшілік етуді қабылдап алған болатын.
Жазушы туралы естеліктер әдеби бірлестіктің өткені мен бүгінін сабақтастырған тағы бір маңызды арнаға айналды.
Кездесудің мерейтой иесінің достары мен шығармашылық серіктеріне арналған бөлігі ерекше жылы әсерге бөленді. «Звено Алтая» әдеби бірлестігі мен А. С. Пушкин атындағы кітапхананы көптеген жылдардан бері шығармашылық байланыс орнатып келеді. Мұнда шығармашылық кештер мен кездесулер, кітап тұсаукесерлері мен әдеби әңгімелер өткізіліп келеді. Сонымен қатар кітапханада өлкеміздің әдеби тарихына қатысты құнды материалдар ұқыптылықпен сақталуда.
Наталья Семеновнаны мерейтойымен А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Назым Ерназарқызы Тлеубекова құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Жылы лебізін Өскемен қаласындағы Ресей үйінің жетекшісі Александр Андреевич Дяченко жеткізді. Құттықтауларға Өскемен қаласындағы Ресей Федерациясының Бас консулдығының үшінші хатшысы Виктор Валерьевич Борсуков та қосылды.
Ақын, «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің мүшесі әрі Наталья Семеновнаның жақын досы Владимир Борисович Сметанин өз естеліктерімен бөлісіп, ақжарма тілегін арнады. Бұл күні мерейтой иесінің жанынан әдеби бірлестік өз өмірінің бір бөлшегіне айналған басқа да достары мен шығармашылық серіктері табылды.
Бұл күні өлеңдер де оқылды. Туған өлкеге деген сүйіспеншілік, жақын жандарға деген сағыныш пен естелік, жүректен өткен сезімдер және қарапайым болғанымен, адам өмірі үшін аса маңызды ақиқаттар ақын жырларынан көрініс тапты. Кештің музыкалық тартуы ретінде Наталья Семеновнаның өлеңдеріне жазылған әндерді «Товарки» вокалдық ансамблі орындады.
Кездесу ақынмен жүздесудің табиғатына сай – жылы, шынайы әрі әсерлі атмосферада өтті.
Алайда, ең маңыздысы – әдеби сабақтастықтың сезілуі еді. Кезінде Наталья Семеновнаға қаламгер аға-әпкелері қолдау көрсетіп, әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамдарын жасауына көмектесті. Бүгінде ол өзі де жас қаламгерлерге қолдау көрсетіп, оларға өзінің тәжірибесі мен білімін жеткізіп келеді.
Сондықтан Наталья Семеновна Матвееваның мерейтойы – жай ғана жеке өміріндегі айтулы дата емес. Бұл – «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің үлкен тарихының, Шығыс Қазақстан әдебиетінің шежіресінің және жазуды, оқуды, кездесуді жалғастырып, сөз өнерінің өміршеңдігін сақтап келе жатқан адамдар тарихының бір бөлігі.
Кездесу соңында ақын өзінің басты ұранына айналған: Жүректеріңізде махаббат пен сенім әрдайым ұяласын! деген керемет сөздермен аяқтады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/1301759?lang=ru

Жауап қалдыру