ТҮРКІСТАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДА ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕНІ ЗЕРДЕЛЕДІ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің қызметкерлері Қытай Халық Республикасына барып, цифрландыру, жасанды интеллект және заманауи технологияларды түрлі салаларға енгізу тәжірибесін зерделеді. Іссапар барысында делегация Ханчжоу мен Ухань қалаларында болып, цифрлық технологиялардың экономика, білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы және ғылыми-зерттеу салаларында қолданылуымен танысты. Сонымен қатар қытайлық әріптестермен тәжірибе алмасып, технологиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сапардың алғашқы бағыты – Ханчжоу қаласында өткен V Дүниежүзілік цифрлық сауда көрмесі (GDTE 2026) болды. Ауқымды халықаралық көрмеге 2 мыңнан астам кәсіпорын қатысып, 163 ел мен өңірден 50 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың 12 мыңнан астамы шетелдік қонақтар. Көрменің негізгі күн тәртібінде жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізу, цифрлық технологиялардың жаңа мүмкіндіктерін көрсету және трансшекаралық цифрлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері болды.
Делегация көрме алаңдарында жасанды интеллект, электрондық сауда, ақылды көлік жүйелері, цифрлық ойын-сауық, медицина және «ақылды» кеңістіктер саласындағы технологиялық шешімдермен танысты. Бұл бағыттардың әрқайсысында цифрлық құралдардың күнделікті өмір мен өндірістік процестерге ену деңгейі көрсетілді.
Сонымен қатар, делегация мүшелері Хубэй провинциясының Ухань қаласын болды. Мұнда олар Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы бауырластық байланыстар аясында бірқатар білім беру, медициналық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының жұмысын зерделеді. Ухань қалалық кәсіптік колледжінде жасанды интеллект және ұшқышсыз жүйелер тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Кездесу барысында осы бағыттардағы білім беру бағдарламалары, мамандар даярлау тәсілдері және технологияларды практикалық оқыту процесіне енгізу тәжірибесі қарастырылды.
Делегация Ханьян ауруханасының жұмысымен де танысты. Мұнда медициналық ұйымды басқару жүйесі, бөлімшелердің қызметін ұйымдастыру және заманауи медициналық жабдықтарды пайдалану тәртібі көрсетілді. Кездесу барысында медицина саласындағы технологиялық шешімдерді басқару және қызмет көрсету сапасымен ұштастыру мәселелеріне назар аударылды.
Қытайдың ауыл шаруашылығындағы цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесі де сапар бағдарламасының маңызды бөлігі болды. Хубэй ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясында делегация үлкен деректерді пайдалану, интеллектуалды датчиктер, өсімдіктердің фенотиптік көрсеткіштерін анықтайтын роботтар, ақылды егіншілік және мал шаруашылығындағы цифрлық технологиялармен танысты.
Ал Хуачжун ауыл шаруашылығы университетінің Информатика институтында ауыл шаруашылығындағы жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу, интеллектуалды сенсорлық бақылау жүйелері және ғылыми әзірлемелерді өндірісте қолдану бағыттары таныстырылды.
Бұл кездесулер цифрлық технологиялардың жекелеген зертханалармен шектелмей, ауыл шаруашылығы сияқты нақты секторларға енгізіліп жатқанын көрсетуімен маңызды болды. Ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге көшіру, деректерге сүйеніп басқару және автоматтандырылған жүйелерді пайдалану мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды.
Сапар аясында Хубэй провинциясының Халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығымен де кездесу өтті. Тараптар технологиялық тәжірибе алмасу, ғылыми әзірлемелерді практикаға енгізу және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Қытайдағы жұмыс сапары барысында Түркістан облысы үшін білім беру мен ғылымнан бастап медицина және ауыл шаруашылығына дейінгі салаларда қолданылып жатқан цифрлық шешімдермен танысуға мүмкіндік туды. Жинақталған тәжірибе университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту және заманауи технологияларды оқу процесі мен зерттеу жұмыстарына енгізу бағытында пайдаланылмақ.
Сапар сонымен қатар Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы өзара байланысты жаңа бағыттармен толықтыруға мүмкіндік берді. Әсіресе жасанды интеллект, цифрландыру, ғылыми зерттеулер және технология трансфері салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелері алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1301689?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді