
Ұлытау облысының Жезқазған қаласында «Ұлытау мейірімі» облыстық инклюзивті фестивалі өтті.
Ауқымды шараға Ұлытау облысының қалалары мен аудандарынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар 150 бала мен жасөспірім қатысты.
Фестивальдің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастарға тең мүмкіндіктер жасау, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін ашу, әлеуметтік белсенділігін арттыру және инклюзивті қоғамды дамытуға үлес қосу.
Фестивальдің бірінші күні спорттық шараларға арналды. Қатысушылар үстел теннисі, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, дартс және балаларға арналған шағын эстафета бойынша бақтарын сынады.
Балалар жарыстарға белсенді қатысып, бір-біріне қолдау көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күймен уақыт өткізді. Спорттық сайыстар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, достық қарым-қатынасты нығайтуға және командалық рухты қалыптастыруға ықпал етті.
Шара барысында әр қатысушы өз қабілетін көрсетуге, жаңа достар табуға және ортақ мерекенің маңызды бөлігі болуға мүмкіндік алды.
“Ұлытау мейірімі”фестивалі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастардың спорттық және шығармашылық әлеуетін қолдауға, сондай-ақ олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталған маңызды инклюзивті бастама болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-ulytau/press/news/details/1301847?lang=ru

Жауап қалдыру