
Болашақ құтқарушы үшін кәсіби дайындық — білім мен практикалық дағдыларды меңгерумен ғана шектелмейді. Бұл — қиын сәтте адамға көмек көрсетуге дайын болу, батылдық танытып, жедел әрі дұрыс шешім қабылдай білу. Осындай қасиеттерімен Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенттері, азаматтық қорғау полковнигі Қадыров Рамазан Таджанұлының тәрбиеленушілері ерекшеленеді.
2025 жылғы 19 қазанда Үлгі ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Үй ішінде балалардың болғанын байқаған ПБ-42А тобының студенті Мирас Тоқсанбаев әкесімен бірге бірден көмекке ұмтылды. Мирас терезені сындырып, жанып жатқан үйге кіріп, үш баланың бар екенін анықтады. Әкесімен бірге оларды қауіпсіз жерге алып шықты. Балалар құтқарылғаннан кейін көп ұзамай газ баллоны жарылып, жағдайды одан әрі қиындатты.
Көрсеткен ерлігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін 2025 жылғы 25 қазанда Мирас Тоқсанбаев пен оның әкесі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт кезіндегі қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Колледж студенті Темірлан Шарипбаевтың да ерлігі ерекше атап өтуге лайық. 2018 жылғы қарашада Қылшақты өзенінің маңынан өтіп бара жатқан ол суға батып бара жатқан баланы байқап, уақыт жоғалтпастан көмекке ұмтылды. Суық суға қарамастан өзенге түсіп, баланың өмірін сақтап қалды.
Батылдығы мен шешімділігі үшін Темірлан Шарипбаев Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.
Бұл оқиғалар — құтқарушы мамандығының жауапкершілігі мен маңызын айқын көрсететін жарқын мысалдар. Адам өміріне қауіп төнген сәтте көмекке келу үшін кәсіби біліммен қатар, батылдық, жауапкершілік және адамгершілік қасиеттер қажет.
Азаматтық қорғау полковнигі Қадыров Рамазан Таджанұлының тәрбиеленушілері көрсеткен ерлік — кәсіби дайындық пен адами құндылықтардың өзара сабақтастығының көрінісі. Нағыз құтқарушының мектебі — адам өмірін сақтап қалуға дайын болудан басталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1302580?lang=ru

Жауап қалдыру