
ҚАРТТАРЫМ-АСЫЛ ҚАЗЫНАМ.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде ұзақ жылдар қызмет атқарған еңбек ардагерлерімен «Қарттарым-асыл қазынам» тақырыбында мерекелік кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Департамент басшысы Мақұлбаев Жеңіс Тіллабайұлы ардагерлерді мерекемен құттықтап, ағымдағы жобалар мен саласының жоспары жайлы айтылды.
Дана халқымыз ежелден «Қарттарым-асыл қазынам» деп ерекше құрмет көрсетіп, қадір тұтқан, үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Ардагерлер мен қарттар алдындағы парызымызды білеміз. Бұл парыз – оларға қамқорлық көрсету, оларды қолдау арқылы өтеледі. Осы парызын орындай отырып, Үкімет зейнетақы заңнамасын жетілдіруде, зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшерін арттыру және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытуда маңызды қадамдар жасалуда. Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету мемлекет тарапынан ғана емес – қоғамның барлық өкілдерінің, әсіресе жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. Сонымен қатар еліміздің жас азаматын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда да ардагер ата-апаларымыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі.
Ұрпақтар сабақтастығы жарасымымен сақталса елдің берекесі де, мерекесі де таусылмасы анық. Бейбіт заманның қадірін білетін қадірлілеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. Аузы дуалы, аталы сөз айтатын баталы қарияларды, өз қадірін білетін, көреген, адал, ақ жаулықты әжені ерекше қадір тұтқан елміз. Қарттықты қадірлеу, үлкенді сыйлау – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден қалыптасқан қазыналы дәстүрлерінің бірі ғана емес, сол игі дәстүрлердің ең озығы, өскелең ұрпақпен жалғасқан рухани қазынасы екендігі бүгін айтылған сөз емес, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан асыл мұра..
Еңбек ардагерлері әрдайым қоғам өміріне белсенді қатысып, тәжірибесі мен құнды кеңестерін бөліседі. Осындай адамдардың арқасында ұрпақ сабақтастығы мен қоғамға қызмет ету рухы сақталады.
Кездесу соңында Департамент басшысы аға буын өкілдеріне еңбегі, даналығы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі үшін шынайы алғыс білдіріп, денсаулық, ұзақ өмір және отбасыларға амандық тілеп бағалы сыйлықтар жасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-enbek-inspekstiaysy/press/news/details/1302862?lang=ru

Жауап қалдыру