
Шығыс Қазақстан облысында табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау қызметтерін тұтынушыларға 297 млн теңгені қайтару жоспарлануда.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаменті тұрғындар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, тарифтердің негізділігіне, инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың орындалуына мониторинг жүргізді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Қуат Мұстапин мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау қызметтері үшін тұтынушыларға жалпы сомасы 297 миллион теңге көлемінде қаражат қайтару жоспарланып отыр.
Тариф қалыптастыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өңірде қоғамдық тыңдаулар, баспасөз турлары және қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылған.
Сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – инженерлік желілердің сенімділігін арттыру және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту.
Әлеуметтік қолдау шаралары шеңберінде аз қамтылған азаматтарға коммуналдық қызметтер шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін тұрғын үй көмегі көрсетіледі.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1302574?lang=ru

Жауап қалдыру