
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан қаласында «Құрмет. Сүйіспеншілік. Алғыс» атты мерекелік шара өтті. Іс-шараға қаладағы ардагерлер мен ақсақалдар, аға буын өкілдері қатысып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ардагер ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтап, олардың ел мен қала дамуына қосқан еңбегіне тоқталып, арнайы алғыс хат, сый-сияпаттармен марапаттады.
Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанның бүгінгі жаңаруы мен дамуының негізінде аға буынның еселі еңбегі жатқанын атап өтті. Қала әкімі қариялардың өмірлік тәжірибесі мен ақ батасын кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін жеткізді.
Бүгінде Түркістан қаласында 18 386 зейнеткер бар. Оның ішінде 198 тыл еңбеккері, 372 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азамат бар.
Ардагерлер мен зейнеткерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында 190 тыл еңбеккеріне және қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің 8 жұбайына 43 250 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ дәл осы мөлшерде төлем 372 соғыс ардагеріне теңестірілген азаматқа берілді.
Бұдан бөлек, 50 ардагерге санаторлық-курорттық емделуге 10,8 млн теңге бағытталып, шипажайларға жолдама ұсынылды.
Жыл басынан бері қала бойынша ардагерлер мен зейнеткерлерге 700 жолдама қарастырылған. Оның ішінде 360 жолдама «Құрмет» демалыс үйіне, 340 жолдама «Мейір» демалыс үйіне берілді. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 490 ардагер мен зейнеткер аталған мүмкіндікті пайдаланды.
Қаладағы аға буын өкілдерінің басын қосып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау бағытында «Ынтымақ» үйі де толық жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Мұнда ардагерлердің басқосуына, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына және рухани-мәдени іс-шараларға қатысуына қолайлы жағдай жасалған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1303277?lang=kk

Жауап қалдыру