
Солтүстік Қазақстанда ЖҚАЖ қызметкерлері кезекті интернет-алаяқтықтың алдын алды. Олардың қырағылығы 57 жастағы петропавлдықтың 1,1 млн теңгесін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
СҚО ПД қызметкерлері сауда үйлерінде таңғы сағат 9-дан бастап олар жабылғанға дейін тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Қызметкерлердің бірі нысанды киіммен қоғамдық тәртіпті күзетсе, екіншісі азаматтық киіммен интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жұмыс жүргізеді.
Қарасай Ботпаев пен Бауыржан Ахмет қаладағы сауда үйлердің бірінде кезекшілік атқарған. Қарасай банкомат маңында қолында бір бума ақша ұстап, телефонмен алаңдап сөйлесіп тұрған егде жастағы ер адамға назар аударған. Полицей қызметтік куәлігін көрсетіп, өзін таныстырды. Алайда алғашқы сәтте азамат полицейге сенім білдірмеген. Содан кейін қызметкер нысанды киімдегі әріптесін шақырған, тек содан соң ер адам тәртіп сақшыларының сөзіне құлақ асқан.
Ол Binance платформасында криптовалютамен сауда жасайтынын айтқан. Алайда полицейлер Binance-тің не екенін сұрағанда, жауап бере алмаған. Кейін анықталғандай, ер адам жақында интернеттен ақша табу туралы хабарландыруға тап болып, Telegram мессенджерінде көрсетілген нөмірге хабарласқан. Оған криптовалюта арқылы “табыс табу” ұсынылған.
Хабарландырудың ар жағында алаяқтар тұрған. Олар ер адамға салынған қаражаттан түсетін “табыс графиктерін” жіберіп отырған. Әрине олардың нақты криптовалюта биржасына еш қатысы болмаған. Алайда қала тұрғыны өзі үшін едәуір қомақты соманы алаяқтарға аударуға дайын болған.
Полицейлердің қырағылығының арқасында азамат материалдық шығынға ұшыраған жоқ. Тәртіп сақшылары тұрғындарды оңай ақша табуға уәде беретін адамдарға сенбеуге шақырады. Инвестиция салуды жақсы білмесеңіз, мұндай әрекетке бармаңыз. Әсіресе бейтаныс адамдардың нұсқауына сүйеніп, қаржы операцияларын жасауға болмайды.
Полиция қызметкері Ботпаевтың қызмет тәжірибесінде алаяқтардың нейрожелілер көмегімен адамның сыртқы бейнесін өзгертіп, оның туыстарының атынан бейнеқоңырау шалған жағдайлар да болған. Ол үшін алаяқтар азаматтардың интернетте өздері жариялаған фотосуреттерін пайдаланады. Егер жақын адамыңыз бейнеқоңырау шалып, ақша аударуды сұраса, оның шынымен сол адам екеніне міндетті түрде көз жеткізіңіз. Бөгде адам жауап бере алмайтын сұрақтар қойыңыз.
Алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Есте сақтаңыз: қаржыңызға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеру қажет. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға жүгініңіздер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1304127?lang=ru

Жауап қалдыру